Шымкент қаласында биыл наурыз айының соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 976 пәтерді кезекте тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз, арендалық негізде беру жоспарланған. Сонымен қатар, биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көп балалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы мен жұмыс істейтін жастарға 1580 пәтер үлестірілмек.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновке 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» («2-10-20») несиелендіру шарты аясында аз қамтылған 350 отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда. «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша («5-10-20» несиелендіру шарты) үй кезегінде тіркелген 1728 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Одан бөлек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» несиелендіру шарты аясында 108 азаматқа пәтер берілмек.

Есеп беруде атап көрсетілгендей, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкентте республикалық бюджет есебінен көп пәтерлі 35 үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Атап айтқанда үйлердің лифт қондырғыларын ауыстыру, коммуналды меншіктегі үйлерді ағымдағы немесе күрделі жөндеу қарастырылған.

Жалпы баспана мәселесіне қатысты туындайтын қосымша сұрақтар бойынша 8 (7252) 56-62-90 немесе whatsapp арқылы арнайы +7 700 674 20 52 нөмірлеріне хабарласуға болады.