фото inform.kz

ҚР Экология, геология және су ресурстары министрлігі Қарағандыдағы көлік терезесінен көрінген арыстан жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Кеше Қарағандыдағы көлік терезесінен қарап тұрған арыстанның суреті БАҚ пен әлеуметтік желілерде көп жарияланды. Облыстық жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары бұл мәселені талқылады және оның жергілікті байланыс зообағының арыстаны екені белгілі болды. Бірақ арыстанды көліктің артқы орындығында тасымалдауға рұқсат берілмеген. Аталған факт бойынша инспекторлар тексеру жүргізу үшін полция департаментіне арыз жазды», – деп жазды министрліктің ресми өкілі Самал Ибраева Facebook желісінде.

Сонымен бірге, ресми өкіл Қазақстанда байланыс зообағы қызметі Қазақстанда тоқтатылуы керек деп санайды, өйткені бұл сенсациялық фотодағыдай салдарға әкеп соғады. Бұл жануарлар үшін де, адамдар үшін де белгілі бір қауіп тудырады.

«Жалпы, соңғы уақытта елімізде жабайы аңдарды үйде ұстау жағдайлары жиілеп кетті. Менің ойымша, бұл ақылға қонбайды. Бұл аңдарға көрсетілген қатігездік және адамдарға да қауіпті. Заңнамалық түрде мұндай фактілердің алдын алатын кез келді. Экзотикалық жануарлар ұстайтын адамдарға және оған жағдай жасайтындарға қатаң жауапкершілік шараларын анықтау қажет. Мұндай фактілерді біз министрлік ретінде жан-жақты зерттеп, жолын кесуге ниеттіміз», – дейді С. Ибраева. Айта кетейік, ақпан айында Алматы облысындағы шаруа қожалықтардың бірінен арыстан табылған еді.