Шымкентте ерекше құс табылды

463

Шымкенттегі жеке үйлердің алдынан ерекше құс табылды. Қызыл көзді құсты көрген тұрғындар оның қайдан келгенін білмейді. Бірақ, қараусыз қалдырмай, өзі үйлеріне паналатыпты. Ертеңіне зообаққа хабарласып, мән-жайды баяндаған. Ел арасында көп кездеспейтін қанатты «Қызыл кітапқа» енген болуы мүмкін. Тұрғындарды мұндай болжамы қаншалықты расталды.

Үй ауласында ойын қуып жүрген шымкенттік Сауран Нышанғали күні кеше есік алдынан ерекше құс тауып алды. Іле-шала үйіне әкелген құсты бүгін бүкіл көршілері тамашалауда. Мұндай қос қанаттыны бұрын-соңды көрмедік деген жасөспірім оны өзінде қалдыруды да ойлаған. Алайда, үй үлкендері зообаққа тапсыруды жөн санап отыр.

Сауран НЫШАНҒАЛИ, қала тұрғыны: «Құсты есік алдынан көрдім. Сосын ұстап алдым. Үйге алып келдім. Сосын оны суға салып қойдым. Асыраймын ба деп ойладым. Көзіне қызықтым. Әдемі екен. Құмырсқа жинадық. Шылаушын іздедік. Бірақ, таппадық».

Зияткүл ЕЛБОСИЕВА, қала тұрғыны: «Интернеттен көрдік. Қандай құс бұл, аты қандай, не жейді десек. Бергенімізді жемей жатыр бірақ. Сонымен зообаққа звондадық қой. Олар алып кетеміз деді. Қорқып жатырмыз өліп қала ма деп. Зоопаркке аман-есен тапсырайық енді».

Шымкенттегі «Құрсай» елдімекенінен табылған құс ақыры зообаққа жеткізілді. Құсты сұқсыр деп таныстырған мамандар оның «Қызыл кітапқа» енбегенін айтады. Алайда, ел арасында да көп кездеспейді екен. Таулы не сулы аумақты мекендейтін қос қанаттыны шалғайдан ұшып келген деп болжап отыр.

Енді Шымкент көшелерінен табылған сұқсыр зообақты мекен етеді. Айта кетейік, қызыл көзді құс қаладағы жануарлар бағында бұрын-соңды болмаған.

Назерке Үкібасова