Шымкенттің бас жоспары қайта жасалмақ

139

 Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасалмақ. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов өзінің инстаграм жеке парақшасында тікелей эфирде айтты.

Сөзінше, шаһардың үшінші мегаполиске айналуы жаңа бас жоспарды қажет етеді. Қаланың қазіргі негізгі жоспары 2012 жылы жасалған. Ол кезде Шымкент Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған. Бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар басталып кеткен.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Сол жоспар біткеннен кейін барып, ол кезде жерлерді бөлеміз. Қай жер жеке меншік, қай жерде көпқабатты болады. Басқаның бәрін отырғызғаннан кейін біз таратамыз. Қазір жердің бәріне кадастр аудит жүргізіп жатырмыз. Қосымша айтсам, қалада жүйе басталды. Геопортал деген үлкен жоба бастап кеттік. Ол жерде қаланың бәрін аудит жасап, автоматтандырып цифрлыққа енгіземіз. Сол жерде бәріміз көріп отырамыз қай жер бос, қай жер бос емес».

Сонымен қатар, қала басшысы қоғамдық көлік мәселесіне де тоқталды. Жаңа 78 бағыт пайда болғанын айтады. Қазір оның 28-і іске асып жатыр екен. Мамыр айында газбен жүретін жаңа 200 автобус қосылады. Шілде айына дейін тағы 100-і пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін жалпы саны 400 жаңа автобус айналымға енеді. Оның бәрі жаңадан ашылған 78 бағытта жүретінін айтқан әкім, осыдан кейін үшінші мегаполисте қоғамдық көлік мәселесі болмайды деп сендірді.

Олжас Айдарбек