Түзеу мекемесіндегі тағдырлар топтамасын жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Денсаулық сақтау министрлігінде лауазымды қызмет атқарып жүріп, мемлекет артқан сенімді ақтамағандықтан жаза арқалаған.

Бүгінде өмірі темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқан экс-шенеунік өз мұңымен бөлісті. Айта кетейік, Шымкенттегі 167/3 түзеу колониясындағылар көбі жемқорлық пен алаяқтыққа барғандар.

«Мұнда менің мүдделерім ғана емес, жоғары дәрежелі адамдар да болды, бәрі түрмеге қамалды. Бұл топтасудың бір түрі болды».

Сотталушы Ресейден елге оралған қандас. Шетелде жоғары оқуын бітіріп, Қазақстанда қызмет жасады. Бір қалыпты өсіп келе жатқан лауазымды жұмысы ұзаққа созылмады. Тендерге қатысып, онда жеңіп шығу үшін кәсіпкерлерге бөлісіп отыруды ұсынған. Алайда, пара алу үстінде құрықталыпты.

«Мен Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқардым, қайсысы екенін айтпай-ақ қояйын. Онда мен фармацевтикалық компаниялармен жұмыс істедім, тендер өткізілді, дәрі-дәрмек сатып алу бойынша. Мен өзімнің мүдделеріме қызығушылық танытып, пайда көздедім. Содан кейін тергеу басталды және жауапқа тартты. Бәрін жасырып қаламын деп ойладым. Бірақ мені 366-бап бойынша жауапқа тартты», дейді.

Бүгінгі экс-шенеунік «алтын көрсе, періште жолдан таядының» кейпін кештім дейді. Сотталушы қылмысқа барған себебін оңай олжаға батқысы келгенімен түсіндірді. Жалпы шығын көлемі жүздеген миллионнан асқан. Оған жаза ретінде сот өмірінің 6 жылын қауіпсіздігі орташа колонияда өткізуге үкім шығарды.

«Айтатын болсам менің жасаған ісім, жоғалтқанымның жанында түкке де тұрмайды. Мен өкініп қана қоймай, қателік жібергенімді түсіндім. Бостандықта менің бүкіл өмірім қалды. Ең бастысы, уақытымды жоғалттым», дейді ол.

Жазасын өтеуші жасаған қылмысына өкініп, түзу жолға түскенін айтады. Бір керемет орын алып, мерзімінен бұрын босап шығуды армандайды.

Олжас Айдарбек