Шымкент – жастар қаласы. Республикалық маңызды қалалар қатарына енгеніне 3 жыл болған шаһардың бюджеті биыл 460 млрд. теңгеден 480 млрд. теңгеге жетті. Негізгі көрсеткіштер бойынша Шымкент республикада 2 ай қатарынан бірінші орында. Осы және өзге де маңызды мәселелер қалалық мәслихаттың кезекті 6-шы сессиясында қаралып, олар бойынша шешімдер қабылданды.

Сонымен қазына теңгесі жоспар бойынша қайда жұмсалады? «Тұран» шағынауданындағы 896 пәтерлі 15 үйдің құрылысына 1 млрд. 255 млн. теңге, ал әкімшілік- іскерлік орталығындағы тұрғын үй құрылысына 3 млрд, шаһардағы 4 ауданға спорт алаңшаларын орнатуға 3,7 млрд. теңге бөлініп отыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «4096 баланың спортпен шұғылдануына 411 млн. теңге бөлінді. Бұл үлкен жұмыс. Біздің қаламыз жас екен. Статистика бойынша тұрғындардың  орта жасы – 28. Сондықтан, жастарға көңіл бөлу керек. Оларға бағыт бағдар беріп, тәрбиелеп  біліммен қоса, мәдениетті болуына  және  спортпен  шұғылдануына барлық жағдай жасауымыз керек».

Депутаттардың ұсынысымен 7 млрд. 693 млн. теңге әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Бұл қаржы «Ақтас», «Ақжар», «Арғымақ» елдімекендерін газбен қамтуға, «Нұртас» шағынауданына ауыз су жүейсін жүргізуге, Самал-1,2 шағынаудандарының кәріз жүйесіне, сонымен қатар Бадам өзенінің жағалауын абаттандыруға және өзге де жұмыстарға жұмсалмақ.
Альбина Елшиева, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыруға 502 млн, балалар ауруханасында нейрохирургиялық орталық ашуға -394 млн, мемлекеттік АӘК-359,9 млн. әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификатын беруге 200 млн. теңге, кәсіпкерлерге несиелерін кепілдендіруге 1 млрд. теңге бағытталды».

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының есебі тұрақты комиссияларда бұған дейін жіті талқыланған. Сондықтан депутаттар басқарма басшысының есебін бір ауыздан қабылдады.

Күн тәртібіндегі  қаралған тағы бір мәселе – жетінші шақырылымдағы жетінші сессияға депутат Төреайым Сұлтанова төрайымдық ететін болды. Сессия соңында сөз алған қала әкімі жиналғандарды алда келе жатқан қала күнімен құттықтап, мерекені тойлауға шақырды.

«18 маусымда сағат 11-де Түркістан сарайында өздеріңіз сессияда бекіткен Шымкенттің 20 Құрметті азаматына салтанатты түрде төсбелгі мен куәлік табысталады. Мерей тойымызды бірге өткізейік», – деді әкім.