Шымкентте кейбір мектептер оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдай алмайды. Бұған дейін ата-аналар бірінші сыныпқа балаларын бере алмай жатқандарын айтып шағымданған еді.
Белгілі болғандай, білім саласының мамандары қаладағы кейбір мектептердің толып қалғанын айтады. Ата-аналарды бұл келеңсіздікке түсіністікпен қарауға шақырып, балалары басқа білім ұяларына баруға болатынын жеткізді.
Қала бойынша бүгінде бірінші сыныпқа оқушылардың 95 пайызы қабылданды. Олардың жалпы саны 20 мыңнан астам. Еске салсақ, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтінім беру сәуірдің бірінен бастап электронды форматта жүзеге асуда.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Қаладағы 14 мектепке шектеу қойылды, бұл үш ауысымды мектептер. Олар тек екі-үш сыныптан қабылдауы керек. Онда тек аудандағыладың тізімі кіреді. Ата-аналар, әрине, қазіргі уақытта түсіністікпен қарағаны жөн».
Үшінші мегаполисте қазіргі таңда 14 мектеп толықтай қамтылған. Олар бірінші кезекте мектеп орналасқан ауданда тұратын және тіркелген балаларды қабылдапты. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа білім ұяларының құрылысы басталды. Білім басқармасы 2023 жылдан бастап үш ауысыммен оқу жүктемесі жеңілдейді деп сендірді.
Олжас Айдарбек