Úı ANONS  Ақшаңды көбейтіп беремін деп тұрғындарды алдаған күдікті ұсталды

 Ақшаңды көбейтіп беремін деп тұрғындарды алдаған күдікті ұсталды

 

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, әлеуметтік желі арқылы белгісіз азамат ақша берсең, көбейтіп беремін деп алдаған. Яғни салған ақшаң әр ай сайын 50 пайызбен еселеніп қайтарылатын болады деп сендіріп, бірінен 30 000 теңге, екіншісінен 35 000 теңге ақша алған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, СДТТБТ-ға енгізілді.

Тұрғындарды алдап, ақшаларын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден жауаптар алынды. Жәбірленушілердің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Тәртіп сақшылары алаяқты тауып, Сарыағаш АПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Полиция қызметкерлері аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес іс-құжаттарды жинақтап, Сарыағаш аудандық сотына жолдады. Күдікті мен жәбірленушілердің өзара татуласуына, келтірілген шығынды өтеуіне байланысты соттың шешімімен күдікті қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді. Банк кәртішкеңіздің құпия сандарын ешкімге айтпауға және бермеуге кеңес береді.

Exit mobile version