Енді көлікті ХҚКО-да сақтандыруға болады

181

  Енді көлігіңізді небәрі 10 минут ішінде сақтандыра аласыз. Бұл қызмет түрі Халыққа қызмет көрсету орталығында маусым айынан бастап пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Орталық мамандары аталған қызмет түрі кеушілерге ыңғайлы, әрі олардың уақыты үнемдейтінін айтады.

Шымкентте мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа қызмет түрі іске қосылды. Енді келушілер мемлекеттік тіркеу нөмірін алған сәтте бірден көлігін сақтандыра алады. Мамандардың айтуынша, қызмет уақыты бар-жоғы 10 минутты қажет етеді. Әзірге бұл тек ағымдағы жылдың маусым айынан бастап пилоттық жоба ретінде іске қосылып отыр. Осы уақыт аралығында орталықта 101 көлік сақтандырылыпты.

Алтынай Татаева, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы: «Бұл Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының ұсынысымен болды. Біздің қызмет алушылардың жағдайын ойлау. Біздің қызмет алушыларға тиімді болу үшін осы ХҚКО келіп автокөліктерін тіркеп, сонымен қатар сақтандыру полисін алуға өте үлкен мүмкіндік береді. Бұл көлікті сақтандыруды рәсімдеу үшін біздің қызметкерге автокөліктің винкодын, ЖСН нөмеріне және керекті деректерді ұсынса, біздің қызметкер 10 минуттың ішінде бұл қызметті рәсімдейді».

Мағжан Талғатұлы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстыруға келген. Енді темір тұлпарын қайта сақтандыру керектігін айтады. Орталықтағы бұл жаңа қызмет түрін естіген ол бірден рәсімдеуге келісті. Барлық қызметті бір жерден алу уақытты үнемдейді дейді.

Мағжан Талғатұлы, қызмет алушы: «Мен бүгін мамандандырылған ХҚКО келген едім өзімнің мемлекеттік нөмерімді басқа нөмірге ауыстыруға. Келсем сақтандыру қызметі бар екен жаңадан қосылып жатқан. Бәрін бір жерден жасауға, әрі тез және ыңғайлы  болған соң бәрін бір жерден жасап кетейін дедім. Жылдам, әрі тез екен».

Үшінші мегополисте қазіргі таңда мамандандырылған үш халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Оның барлығында бұл қызмет түрі қолжетімді. Әзірге тек бір ғана сақтандыру мекемесі тіркелген. Орталықтағылар басқа да көлік сақтандыру мекемелерімен келісімге келіп, келушілерге таңдауды көбейтуді жоспарлап отыр екен.