Úı ANONS Шымкентте бір айда 39 адамды сарышаян шаққан

Шымкентте бір айда 39 адамды сарышаян шаққан

Шымкентті сарышаяндар қаптай бастады. Қала тұрғындары үйлерінде және аулаларында осы бір шаянтәріздес жәндікті жиі кездестіретінін айтады. Осы айдың өзінде сарышаян шаққан 39 адам дәрігерге жүгінген, оның 13-і балалар. Төртеуі орташа ауыр жағдайда ауруханаға түскен екен. Мамандардың айтуынша, бұл зиянкестерге қарсы уландыру жұмыстары арзанға соқпайды екен.

Ішінде сарышаян бар бірнеше бөтелке. Бұл бейнежазбаны бізге Шымкент қаласының тұрғыны жіберді. Сөзінше, соңғы 2 аптаның ішінде үйінен осындай 5 қауіпті зиянкесті ұстаған екен. Оның бірі 2 жасар баланы шаққан көрінеді.

Жанат Жарменова соңғы аптада өз ауласынан екі сарышаян ұстап алған. Біреуін құлпынай жауып жатқан кезде, екіншісін — үй ауласында кезіктірген. Оның айтуынша, балалар өрмекші тәріздес жәндіктің оларға ұмтылып келе жатқанын бірден түсінбеген.

Жанат Жарменова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Соңғы кезде біздің үй жағымызда шаяндар көбейіп жатыр. Көршілерден де сұрастырдық. Иә, бар дейді. Өткенде сол немерелер, балалар ойнап жүріп көріп қалған екен. Қорқамыз далаға шығуға, балаларымыз да далада ойнайды, сыртта ұйықтаймыз. Күні бойы сыртта жүреміз ғой, балалар бақшаға кіреді бірдеңе жұлып жеуге. Кімнен көмек сұраймыз, білмейміз».

Осы айдың өзінде Шымкенттің токсикологиялық бөлімшесіне 39 адам сарышаян шақты деген дерекпен қаралған, оның 13-і балалар. Ақ халаттылар төртеуінің жағдайы орташа ауыр жағдайда деп бағалап, оларды ауруханаға жатқызған. Мамандар сарышаяндар әсіресе жаз мезгілінде қауіпті болатынын айтады. Егер балалар мен қарттар зардап шеккен болса, тез арада көмек көрсету қажет.

Асылхан Мыңбосынов, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы токсикологиялық бөлімшесінің меңгерушісі: «Сарышаянның көлеміне, сонымен қатар шаққан жерге қарап шешім шығарамыз. Егер де науқастың мойын немесе бас тұсын шақса, оны ауруханаға жатқызамыз. Ал егер аяқ жағын шағатын болса, алғашқы көмекті көрсетіп, үйіне жіберіміз».

Егер жарақат ауыр болмаса, сарышаян шаққан жанды жедел жәрдемнің көмегінсіз үй жағдайында емделуге болады. Ол үшін жараның бетін сумен шайған дұрыс. Себебі онда у қалып кетсе, соны тазалауға көмектеседі. Ауырсынуды басатын ибупрофен, аспирин немесе парацетамол секілді дәрілерді қабылдаған жөн. Егер лоқсу, ауыздан көбік шығу, құрысулар, тыныс алудың қиындауы немесе ісіну сияқты жаңа белгілер байқалса, жедел жәрдем шақыру керек.

Сарышаяндармен күресуге дезинфекция қызметі көмектеседі. Араға 5-6 күн үзіліс сала отырып, оларды улау жұмысымен айналысады. Мұндай қызметтің бағасы жеке үйдің ауласының шаршы метрі үшін 150 теңгеден, ал тұрғын үйді өңдеу бағасы 430 теңгеден басталады.

Әлихан Файзханов

Exit mobile version