Қазақстан банктері қарыз алушылардың ақшасын белгіленген лимиттен көп алып отырған

77

Қазақстан банктерінде тұрғындардан несие мен қарыз бойынша артық ақша қаражатын алу дерегі анықталған. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметі мәлім етті.

Банктер тұрғындар есепшотындағы ақшалай қаражаттың бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған. Ал еңбек кодексінде және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңында жалақы мен зейнетақы сомасының 50 пайызынан астамын өндіріп алуға тыйым салынған.

Бүгінде бұл жағдай халықтың наразылығын тудырып отыр. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған проблеманы шешудің жолын тапқан. Клиент өтініші негізінде банктердің және сот орындаушыларының артық төленген соманы 5 жұмыс күні ішінде қайтару алгоритмі қолданысқа енгізілді.

Қазақстан банктерінің базасы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.

Агенттік мәліметінше, бұл банктерге барлық кредиторлардың еңбекақы немесе зейнетақыдан жалпы ұсталынған соманың заңда белгіленген 50 пайыздан аспауы үшін олардың клиентінен қандай шегерімдер жасалғанын көруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, заңсыз өндіріп алу дерегіне тап болған азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, оның аумақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағымдана алады.

Шынар Оразова