Нысана көздеуден Азия чемпионаты басталды

53

Шымкентте нысана көздеуден Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш іс-шара 10 қыркүйекте басталып, 20 қыркүйек күні мәресіне жетеді. Жарыста 11 мемлекеттен жиналған 120-дан астам спортшы сынға түседі.

Жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Спорттық атудан Азия конфедерациясының президенті шейх Салман Әл-Сабах қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Шымкент қаласында нысана көздеуден Азия біріншілігі басталды. Дүбірлі жарысқа қатысушылар «Shymkent Shooting Plaza» ату кешенінде бақ сынасады. Додаға қатысу үшін 120-дан астам спортшы 11 мемлекеттен жиналып отыр. Мергендер сайысы 10 күнге созылады. Айта кетейік, сайыс барысында ресми делегация, спортшылар мен қатысушылар әр 3 күн сайын COVID-19-ға ПТР тестін тапсыратын болады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қаламыз осындай жарыстарды өткізу үшін барлық мүмкіндіктер ашты. Заманауи спорттық кешендер салынып, халықарылық деңгейдегі чнмпионттарды өткізуге жағдай жасалуда. Спорт достық пен сыйластықты арттыруға қызмет етеді».

Құрлықтық турнирде ересектер арасында 10 метрге пневматикалық тапаншамен ату сайысында отандасымыз Эльдар Иманқұлов жеңіске жетті. Аталған сайыс түрінен екінші орынды Сауд Арабиясының азаматы Софар Мохамммад Алдосари иеленсе, үшінші орын таиландтық Ноппадон Сутвирухқа бұйырды. Сондай-ақ, тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден Ярослав Махнев бағын сынады. Отандасымыз өзбекстандық спортшы Умидбек Камалбековке есе жіберіп, қола жүлдені місе тұтты.

Илья Федин, Нысана көздеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Мен Павлодар қаласынан келіп, қатысып отырмын. Бұл спорт түрімен айналысқаныма 15 жылдан асты. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының мүшесімін. Өткен жылғы додада күміс жүлде иеленген едім, биыл жеңістен үмітім бар. Шымкент қаласында өтіп жатқан чемпионатты жоғары деңгейде деп айта аламын».

Құрлықтық турнир биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отыр. Нысана көздеуден сайыс 20 қыркүйекке дейін жалғасын табады. Бүгінгі таңда ел қоржынында 1 алтын және 1 күміс жүлде бар. Аталған чемпионат Азия ату конфедерациясы мен Қазақстан спорттық ату федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Гүлдана Дәурен