Қазақстандық спортшылар бокстан Дубайда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жалпыкомандалық есеп бойынша көш бастады.
Шымкенттіктер бокстан Дубайда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жүлдегерін аса құрметпен қарсы алды. 18 жастағы Абзал Серік 67 келі салмақта Азия чемпионы атанды. Ақтық мәреде қарсыласы өзбекстандық спортшыдан басым түскен Абзал бұл жеті жылда жинаған тәжірибем және бағыт-бағдар берген жаттықтырушыларымның еңбегінің жемісі дейді.
Қазақстандық боксшылар 19 алтын, 15 күміс және 15 қола медальмен Азия чемпионатында жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Ерлер командасындағы 8 спортшы алтын алса, боксшы қыздар 12 медальді қанжығасына байлады. Жерлестеріміз Диана Мағауияева алтын медальге қол жеткізсе, Дана Дидай күміс медаль иегері атанды.
17 -30 тамыз аралығында бокстан өткен Азия чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін жемісті болды. Жас буынның алда ересектер арасында өтетін байрақты бәскелерде биіктен көрінетініне жаттықтырушалары сенімді.