Аяқ-киімді цифрлық таңбалау – заңсыз тауар тасымалдаушылармен күрес

219

1-ші қарашадан бастап ел аумағында орналасқан кәсіпорындар аяқ киімді цифрлық таңбалауды бастаған. Әзірге кәсіпкерлер шығарған өнімдерін таңбасыз сатуда. Өйткені келер жылдың сәуір айына дейін оларға рұқсат берілген. Шымкенттегі аяқ киім шығаратын кәсіпорындар сандық таңбалауға дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен.

Мына аяқ киімдер Шымкент қаласының іргесіндегі индустриалдық аймақта орналасқан кәсіпорында шығарылады. Отандық өнімге сұраныс бүгінде жоғары. Қала қонағы Нартай Сүлейменов «аяқ киімді дүкендерде, заң шеңберінде жұмыс істейтін тауар өндірушілерден алған жөн. Өзім шаһардағы осы кәсіпорынның өнімін таңдаймын. Келер жылдан бастап тек сандық таңбалаудан өткен аяқ киімдер саудалауға рұқсат береді екен. Ол да дұрыс, заңсыз тасымладушылардың жолы кесіледі»,- дейді.

Қала тұрғыны Салтанат Сапарова соңғы жылдары аяқ киімді қызына дүкеннен сатып алады. «Таңбалау енгізілсе, жақсы шығар. Сапасына күмән келтірсең, тауарды қайтаруға болады», – дейді қала тұрғыны.

«Аяқ киімдерді сандық таңбалау – жаңа талап. Әрине бәсекелестіктің ашық болғанын қалаймыз. Нарықта -10 жыл болды жұмыс жасағанымызға. Маркировкаға дайындық жүріп жатыр. Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтанда филиалдарымыз бар. Барлық өнімдерімізді маркировка жасаймыз», -дейді отандық өнім шығаратын кәсіпорын дүкенінің сатушы Хурсан.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда аяқ киімнің көлеңкелі нарығы 48 пайыздан асып кеткен. Цифрлық таңбалау заңсыз тауар тасымалдаушылармен күресу үшін енгізілді.

Келер жылдың сәуірінен бастап өнімдеріне сандық таңбалау жасамаған кәсіпорындар және таңбасыз аяқ киім сатқан сауда орындарына шара қолданылатын болады.

Шынар Оразова