«ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і техникаларын жаңалауда

160

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС -і инвестициялық бағдарлама аясында Түркістан облысындағы қала, аудандардағы және Шымкент қаласындағы электр жүйелері мекемелерін су жаңа техникамен кезеңімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл жолы компания қаражатына сатып алынған 14 УАЗ, 3 трактор мен Газель, манипулятор, кран – арнайы көліктер энергетиктердің жұмысын оңтайландырып, халықты сапалы электр жарығымен қамтуға зор мүмкіндік береді.

«ОңтүстікЖарықТранзит» серіктестігінің ауласында қаз – қатар тізілген мына техникалар бірер сәтте Түркістан облысының қала және аудандарына жол тартады. 14 су жаңа УАЗ көлігінің 2-уі серіктестіктің базасында қалса, екеуден Шымкент қалалық, Бәйдібек пен Қазығұрт аудандық электр желілеріне, бір біреуден Сайрам, Түркістан, Асық Ата, Ордабасы, Кентау, Мырзакенттегі электр желілері мекемелеріне үлестірілді.

Жаңа УАЗ көлігінің кілті Бәйдібек аудандық электр желілерінің жүргізушісі Марат Әуесханға табыс етілді. Салада 11 жыл еңбек еткен тәжірибелі маман «аудандағы шалғай ауылдарға жету, сапалы қызмет көрсету едәуір артады»,- дейді.

Марат Әуесхан, Бәйдібек аудандық электр желілерінің жүргізушісі: «Қолдануда жақсы көлік қажеттілігі бар еді. Бәйдібек ауданындағы ауылдарды арасы алыс, шалғайда да елдімекендер жеткілікті. Оларға жету боранда қыста енді жақсы болды тез арада жетіп апатты жағдайларды реттеуге».

Түркістан, Мырзакент қалалары мен Келес аудандық электр желілері мекемелерінің автопаркі мына су жаңа тракторлармен толығады. Ал мына «Газель» Арыс қалалық электр желілері бөлімшесінде кеңінен пайдаланылатын болды. Сала мамандары жаңа техникалар мегаполисте, өңірдегі елдімекендерде электр жүйелеріндегі ақауларды шұғыл ретке келтіруге мол мүмкіндік береді дейді.

Серік Тұрғымбаев, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і техникалық директорының орынбасары: «Толық бригада алып қыста УАЗ- дың артқы жағына 5-6 адам сияды. Құрал саймандарын тасымалдауға да болады. Бұрын ГАЗ-53 апат орын алған жерге жету қиын болса енді УАЗ- дар мобильді тез арада жетеді».

«ОңтүстікЖарықТранзит» серіктестігі инвестициялық бағдарламадағы жоспарланған шараларды ойдағыдай орындауда. Жылдың соңына дейін Шымкент, Түркістан облысындағы қалалық, аудандық электр желелері бөлімшелерін бірқатар арнайы техникамен қамту көзделген.

Шынар Оразова