Úı ANONS Депутаттар «Жаңа Қазақстан» тобын құрмақ

Депутаттар «Жаңа Қазақстан» тобын құрмақ

Халық қалаулылары «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құруды ұсынды. Олар бұл бастамасын Мәжілістің жалпы отырысында ресми жариялады. Әзірге бұл идеяны төменгі палатаның 31 мүшесі ғана қолдаған. Жаңашыл топ барлық саяси партия және наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын.

Президенттің реформаларын орындауға кіріскен депутаттар «Жаңа Қазақстан» атты топ құратын болды Мәжілісмендер келесі аптадан бастап өңірлерді аралауға шығады. Бірақ ауыл-аймаққа жалғыз барғылары келмейді. Халық қалаулылары қасына министрлерді ертіп алуға ниетті. Олар Үкімет мүшелеріне осындай ұсыныс жасады. Халықтың мәселесін жылы кабинетте емес, ауыл мен ауданға барып тыңдағанда ғана шешіледі дейді мәжіліс депутаттары.

Ерлан Сайыров, мәжілісмен: «Бір ай өтті, Үкімет өз деңгейінде еңбектеніп жатқан болар, бірақ ол жөнінде халқымыз хабарсыз. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс — қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын қоғамға түсіндіре алмады. Жабық стильде жұмыс істеді. Депутаттармен бірге облыс, аудандарға шығыңыздар. Халықпен бірге ақылдасайық».

Мәжіліс депутаты жұмыссыздықты шешпейтін жобаларға мемлекеттік қаражатты жұмсауды тоқтату керегін айтты. Мәселен, «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік Жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімсіздігі мәселелерін бірнеше рет көтерген. Әзірленген бағдарламалар мен ұсынылған әдістер жеткілікті жұмыс орындарын құру бойынша нәтиже берген жоқ. Бұл ретте осы мақсаттарға арналған шығыстар жылдан жылға ұлғайып келеді.

Мақсат Раманқұлов, мәжілісмен: «Былтыр 10 жылда халықты жұмыспен қамтудың бірнеше бағдарламасы әзірленді, оған 150 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды, бұл ретте жоспарланғаннан 4-5 есеге аз жұмыс орындары құрылды. Жұмыс орындары осы шығындарға сәйкес құрылып жатқан жоқ. Көбінесе уақытша жұмыс орындары құрылып, жалақылардың төмендігі немесе басқа да критерийлерге байланысты халық үшін тиімсіз болып шығады».

Раманқұовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу кезінде жиі кездесетін проблемалар — бұл қызметкерлердің қабілетсіздігі, өтініш берушінің жұмысқа орналасуына қызығушылық танытпауы. Ал нақты жұмыс орындарын ашу үшін жаппай кәсіпкерлікті дамытып, әрбір адам мемлекеттен көмекті күтпей, өз ісін ашуы керек деп есептейді мәжілісмен.

Әлихан Файызханов

Exit mobile version