Министр: «Атом электр станциясын салу – перспективті шешім»

145
фото стан.кз

«Қазақстанда атом электр станциясын салу оңтайлы шешім». Осылай деп Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Болашақта электр энергиясының тапшылығы орын алатынын, сондай-ақ елдегі өндірістік қуат көздерінің жарамсыз күйге түскенін ескерген ол – станция құру біраз мәселені шешуге көмектеседі дейді.

Қазақстанда атом электр станциясын салу – перспективті шешім деп мәлімдеген энергетика министрі мұның бірнеше себебін атап өтті. Біріншіден, электр энергиясы сарқылатын байлық болғандықтан, алдағы уақытта оған деген тапшылық сезілетін болады. Сондай-ақ, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігі туындайды. Ал Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы әлеуеті әлдеқайда жеткілікті дейді Болат Ақшолақов.

Болат қшолақов, ҚР Энергетика министрі: «Атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3 200 кадр даярланды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бастап осы реакторларды біздің мамандар табысты пайдаланып келеді. Ал ғылыми жұмыстардың нәтижелерін әлемдік қоғамдастық, соның ішінде АЭС жобалау кезінде қолданады».

Министр тұтынушылар үшін тарифке жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік беретін генерациялайтын қондырғы салуды назарға алғанын жеткізді. Оны алдағы 5 жылдың ішінде оңтүстік өңірде орнату ойда бар екен. Өйткені, күнгей аймақ жаңа генерацияны енгізетін жобалар шоғырланған орын дейді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі: «2026 жылға дейін оңтүстік өңірлерде жиынтық қуаты шамамен 3050 МВт болатын 7 генерациялайтын қондырғы салу жоспарлануда. Олардың бір бөлігі түпкілікті тұтынушылар үшін тарифке жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік беретін аукциондық сауда-саттық тетігі арқылы іске асырылатын болады. Сондай-ақ, энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ел экономикасын электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдармен 13 инвестициялық келісім жасасты».

Электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып келе жатқанын ескерген үкімет еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлепті. 2021-2035 кезеңінде электр энергиясын пайдаланудың орташа жылдық өсуі 2,7%-ға артады деген болжам бар. Сондықтан, экономика мен халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін сол уақытқа дейін 17,5 ГВт жаңа генерация қажет болады дейді Болат Ақшолақов.

Әлихан Файызханов