Қоғамдық тамақтану объектілеріне қандай санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қойылады?

94

 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметте эпидемиологиялық маңызды нысандардың қатарына енетін нысандар атқаратын қызметіне сай нормативті құқықтық актілермен санитариялық талаптарға сәйкестендіріледі. Сондықтан көпшіліктің назарында жүретін қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық басты талаптарға қысқаша тоқталып өтейік:

– қоғамдық тамақтану объектілерінің түрлеріне, яғни мейрамхана, кафе, асхана, кафе-барға және т.б. байланысты келушілерге арналған үй-жайлардың, атап айтқанда: келушілерге арналған киім ілетін орын, санитариялық торап, тамақтану залы, бар, темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орын қарастырылу керек болса, қызмет көрсету үшін нысанда: өнімдерді қабылдау, сақтау шикізаттың түрлеріне қарай, ас әзірлеу түрлі цехтарымен, ыдыс жуу, персоналға арналған бөлме, санитариялық торап, қосалқы бөлмелер қарастырылады;
– бөлмелердің ішкі әрленуі атқаратын қызметіне сай залалсыздандыру сұйықтарының әсеріне төзімді материалдардан әрленуі қажет;

– ауыз су, ыстық су, лас су жүйелерімен жабдықталынады. Түрлі деңгейдегі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін келушілер мен персоналға арналған раковиналар, қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталады.
– өндірістік үй-жайларда, тамақтану залдарында табиғи және (немесе) жасанды жарықтандыру көзделеді. Жұмыс орындарында жасанды жарық көздері плафонмен жабылып, табиғи терезе көздеріне москитті торлар орнатылады.Пайдаланылған құрамында сынап бар шамдарды қоқыс жинағыштарға тастауға жол берілмейді;
– тамақтану объектілерінде желдету және (немесе) ауа баптау, жылумен жабдықтау жүйелері көзделеді, ал өндірістік, қосалқы бөлмелерінде сору-сыртқа тарату желдеткіші (ылғал, ыстық және газ бөлу орындары) тұрғын және өзге де мақсаттағы ғимараттың немесе оған жапсарлас салынған ғимараттың желдету жүйесінен бөлек құрылады, шудан қорғау шаралары көзделеді;

– қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық-түлік (тағамдық) шикізатының, тамақ өнімдерінің және қосымша материалдардың әрбір партиясы қабылдау, сақтау, тасымалдау және сату кезінде олардың қадағалануын және қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бірге жүреді. Тез бұзылатын тамақ өнімдері үшін тауардың ілеспе құжаттамасына өнімнің шығарылған уақыты мен күні, сақтау шарттары (температурасы, қажет етілген жағдайда ауаның салыстырмалы ылғалдығы), соңғы жарамдылық мерзімі көрсетіледі;

– азық-түлік (тамақ) шикізаты мен дайын тамақ өнімдерін (ет, құс еті, балық, көкөнiстер, аскөк, ет, сүт өнімдерін, нан және нан-тоқаш бұйымдары, аспаздық, ұннан жасалған аспаздық, кондитерлік бұйымдар) бөлшектеу үшін өңделетін тамақ өнімдеріне сәйкес, әріпті және (немесе) түрлі-түсті таңбалауды пайдаланып таңбаланған жеке бөлшектеу мүкәммалдары (бөлшектеу тақтайшалары, пышақтар) мақсаты бойынша пайдаланады. Бөлшектеу тақтайшалары мен пышақтарды олармен өңделетiн өнiмдерге сәйкес таңбалайды және қатаң түрде мақсаты бойынша пайдаланады;

– салқын тағамдарды, жұмсақ балмұздақтарды, кремі бар кондитерлік бұйымдарды дайындауға арналған цехтардағы (үй-жайларда, бөлімшелерде, учаскелерде) өндірістік үстелдердің үстіне бактерицидтi (стационарлық немесе жылжымалы) сәулелендіргіштер орнатылады, олардың орналасқан орны, режимі және өңдеу тәртібі, пайдалануы, олардың жұмыс уақытының есебі бактерицидті сәулелендіргішті пайдалану жөніндегі өндіруші нұсқаулығына сәйкес қойылады;

– барлық тамақтану объектісінде санатына, типіне, түріне, қуаттылығына, меншіктік нысанына қарамастан өндірістік бақылау ұйымдастырылады, яғни ХАССП (қауіпті факторларды талдау жүйесі және бақылаудың сындарлы нүктелері) қағидатына негізделген рәсімдерді әзірлейді, енгізеді;

– жабдықты пайдалану, жуу және дезинфекциялау оларды пайдалану, жуу және дезинфекциялау жөніндегі өндіруші нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырады;
– тамақтану объектісінің шаруашылық аймағында, арнайы белгіленген орында су өткізбейтін жабыны бар, қоқыс және тамақ қалдықтарын жинауға арналған бөлек контейнерлер (жабылатын сыйымдылықтар, конструкциялар) орнату арқылы, тек оларды жинауға және сақтауға пайдаланылатын, жарамды жағдайдағы, оларды тазалауды, жууды және жануарлардың кіруінен қорғауды қамтамасыз ететін, қоршаған ортаның ластануын, оларға атмосфералық жауын-шашынның, ылғалдың түсуін болдырмайтын қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинауға арналған алаң көзделеді;
– стационарлық тамақтану объектілерінде персоналға арналған тұрмыстық үй-жайлар – жеке және арнайы киімдер мен аяқ киім, бөлек сақталатын киім ілетін орын, екі жаппалы бір шкаф, тамақ қабылдау үшін үй-жай (орын) көзделеді. Арнайы киімдерді жуу, дезинфекциялауды жүргізу және ұйымдастыру орталықтандырылып жүзеге асырылады;

– медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы белгісі және жұмысқа рұқсаты бар әр жұмыскердің жеке медициналық кітапшасы жұмыс орнында сақталады;

– күнделікті, салқын, ыстық және кондитерлік цехтарда, жұмсақ балмұздақ жасайтын тамақтану объектілерінде, ұжымдасқан ұйымдар үшін дайындайтын және қызмет қөрсететін жұмыс ауысымының басталуы алдында жауапты адам тағам дайындаумен, порцияларға бөлумен және тағамдарды сәндеумен, оларды үлестірумен айналысатын жұмыскерлерді денесінің ашық бетін іріңді аурулардың, шағын жарақаттардың болуына қарап тексереді. Терінің іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарында катарасы бар, инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдікті адамдар жұмысқа жіберілмейтінін ескерте келе, қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда, тұтынушылар арасында улану, жаппай улану жағдайларының және тұрғындардың өмір сүру ортасында зиянды физикалық факторлар әсері мен жағымсыз иістердің тіркелуіне себепкер болатынын назарларыңызға саламыз!

А.Р.Даулетова, Шымкент қаласы санитариялық-
эпидемиологиялық
бақылау департаментінің
бөлім басшысы