Түркістан облысының құсбегілері 2 алтын, 1 күміс медаль олжалады

71

Ақпан айының 2-7 күндері аралығында Павлодар қаласында құсбегі жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Ата-баба жолын жалғаған өрендердің додасына еліміздің ең таңдаулы құсбегілері қатысты.

Сайыста Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің түлектері 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, қаршығалар сынында Паң Төлемырза чемпион атанды.

Оның қолындағы қаршығасы қашқан аңды құр жібермей, бабында екенін дәлелдеді. Қаршығасы қалықтаған тағы бір жерлесіміз Аршабай Дидарбек 2-орынды иеленді. Ал ителгілер байқауында құсын дұрыс баптай білген Паң Төлемырза жеңіске жетті. Сөйтіп, Түркістан облысының қоржынына екінші алтын жүлдені салды. Облыстың жас құсбегілерін білікті бапкер Жомарт Кеуенов бастап барды.