Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер үстеме жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш Шымкенттегі өзге үш ауданда да жоғары болған. Еңбек Кодексін бұзбау, мемлекеттік қызметкерлердің құқығын сақтау бойынша мәселе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі Кеңес отырысында талқыланды.
Мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысын болдырмау жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тікелей тапсырмасы қала әкімінің назарына жеткізіліп, былтыр қарашаның 25 -не жергілікті орган басшыларының қатысуымен жиын өткен екен.
Үстеме жұмысты қадағалайтын ақпараттық жүйені барлық органдарда орнату және «Е-қызмет» жүйесімен ықпалдастыру жұмыстарына қаражат та бөлінген. Іске қосылған жүйе Әл Фараби әкімі аппаратында үстеме жұмыс жасау көрсеткіші өзге аудан әкімдігіне қарағанда жоғары болғанын анықтаған.
Бақыт Мелдебеков, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы: «Жүйе іске қосылған, алайда басында біресе қосылып, біресе сөніп, қазір жұмыс істеп тұр. Қартасын ұрмайтын мемлекеттік қызметкерлерге ескерту жасалды».
Арайлым Жұбайлаева, Әл Фараби ауданы әкімідігінің қызметкері: «Мен кеңсе маманы болып жұмыс істеймін. Үстеме жұмыстар болып тұрады бір айда. Мәселен, жақында президенттің кеңсесінен келген тапсырманы орындау үшін сенбі күні шықтым. Онда да менен шыға аласың ба деп сұрады. Сосын бұйрық шықты. 1,5 есе жалақымды төледі».
Әдеп кеңесі мүшелері мемлекеттік қызметкерлер өз құқығын қорғай білуі тиіс. Және де үстеме жұмысқа шықса, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес төлем жасалуын қадағалауы керек деп есептейді. Ескеретін жәйт, былтырдан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі үстеме жұмысты болдырмау бағытында жұмысты күшейтті.
Шынар Оразова