Сарапшылар елдегі валюта саудасын ресейлік «экспансиядан» қорғауды сұрады

56

Сарапшылар қаржылық реттеушіні және Үкіметті елдегі валюта саудасын ресейлік «экспансиядан» қорғауды сұрады.

Ресейде доллардың бағамы деноминациядан бері алғаш рет 120,81 рубльден асты. Ресей рублінің құлдырауына  Батыс елдерінің жаңа санкция енгізіп, енді ресейлік мұнай мен газға эмбарго белгілеуі, оны сатып алудан бас тарта бастауы түрткі болды. Осының аясында РФ Орталық банкі Мәскеу биржасында ресейлік акцияларды сатуды тағы тоқтата тұруға ұйғарды.

Доллар іздеген ресейліктер Қазақстанға қаптауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бұл мәселені көтерген қоғам белсендісі, кәсіпкер Фарида Сембаева қаржылық реттеушіге ұсыныс жолдады.

«Біз қаржылық секторымызды, тұтастай экономикалық кеңістігімізді ресейліктердің «шапқыншылығынан» қорғап қалудың қамын жасауға тиіспіз. Әйтпесе, 1992-ші жылы Ресейде жаңа рубль енгізілгенде, олар жарамсыз болып қалған кеңес рублін бізге әкеліп төгіп, сол қу қағазына ресурстарымызды сатып алып кеткен. Қазір де міне, Ресей ауыр санкциялар астында қалып, рублі қайтадан макулатураға айналуда. Салдарынан ресейліктер қазірден сол макулатурасын біздің нарыққа лақтыра бастады. Жалған тұлғалар арқылы олар біздің қалаларымызда жаппай доллар мен еуроны сатып алады. Соның кесірінен рубль соңынан теңге құнсызданып, валюта бағамы ғарышқа ұшып барады», – дейді Ф. Сембаева.

Оның болжамынша, осыдан кейін екінші толқын басталады. Ресейліктер Қазақстандағы барлық импорттық тұрмыстық техниканы, машиналарды, запастық бөлшектерді, жанар-жағармайды, азық-түлікті және басқасын жаппай сатып әкете бастауы мүмкін.

«Салдарынан, біздің нарық жалаңаштанып, сөрелер бос қалады. Бүкіл заттың бағасы шарықтайды. Тіпті стратегиялық маңызды заттар, айталық дәрі-дәрмек таусылып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін. Мұндай көрініс 1990 жылдары болған. Өткеннің қателігін қайталамауға тиіспіз. Ресейде басталып жатқан ессіздіктен, ақылдан жаңылушылықтан қазақстандықтарды құтқарып қалыңыздар. Қимылы шабан, ебедейсіз, енжар Үкімет тағы қапы қалайын деп тұр», – деп дабыл қақты Қаржылық реттеу агенттігіне хатында Фарида Сембаева.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Шынар Оразова