Асар-2 шағынауданын ауыз сумен қамту жұмыстары басталды

41

Биыл Асар-2 елді мекенінің тұрғындары 100% ауыз сумен қамтылмақ. Төрт күн бұрын басталған ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы қарқын алып, жергілікті халықты қуанышқа бөлеуде. Жауапты мамандар, аталған жоба ағымдағы жылы қазан айының соңына дейін нәтиже береді деп отыр.

Бұл – Қаракөз Атабаева. 44 жастағы әйел, Асар-2 елді мекенінің тұрғыны. 2 жылдан бері ауыз суды сырттан тасып тұтынып келген азаматша, дәл осы сәтті ұзақ күткенін айтады.

Қаракөз Атабаева, Қаратау ауданының тұрғыны: «Жарық келеді деп жатыр Құдай қаласа су трубалары енді келеді біз жаққа. Біздерге де су газ келсе деп тілеп отырмыз. Бәрі болады сенеміз әкімімізге».

Ауыз су құрылысы басталғанын көріп төбесі көкке жетіп қуанып жатқандардың бірі – Гүлнара Бейсенбаева. Көп балалы, ана осыдан біраз бұрын әкімдікке жағдайымызды айтып бардық, бұл соның нәтижесі дейді.

Гүлнара Бейсенова, Қаратау ауданының тұрғыны: «Құдай қаласа биыл осы 2022 жылдың аяғына дейін газдеріңіз де келеді мынау су да келеді деп айтты. Той істейміз шақырамыз сіздерді де. Газ келсе, жарық келсе жеңілдік болуы керек».

Ауыз су құрылысының басталғанына осымен төртінші күн. Тәулік бойы жұмыс істеп жатқан мамандардың сөзінше, ауылдағы 1000 – ға жуық баспанаға су тарту көзделуде. Жаңа құбырлар арқылы көпшілікке сапалы су ұсынамыз деген мердігерлер, барлығын мерзімінен бұрын аяқтауға уәде беріп отыр.

Темірхан Әбдішбек: «Үш күннің ішінде біз 500 құбыр салып, жүргізіп қойдық. 10 құдық орнатылды. Су құдықшалары орнатылды. 200 үйдей су құбыры кіргізіледі. Бұл жерде өздеріңіз көріп отырсыздар мынау участоктері бар бірақ, егелері жоқ. Бірақ біз сол участоктерге судың 20 – лық труба үйге кіретін трубаны да тастап кетіп жатырмыз».

Аталған құрылыс елді мекенді ауыз сумен қамтудың екінші кезеңі. Бұған дейінгі бірінші кезең, яғни тұрғындарды сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталған. Нәтижесінде, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Ал, бүгінгі жоба барысында, ауылдағы 1000 тұрғын үйде инфрақұрылым мәселесі шешілмек.

Боранбай Болатбеков: «2 кезең дейміз соның су құрылысы басталды. Су құрылысының биыл су береміз. Мынау жарық пен газды газдың жұмысы биыл басталды. Бұны келесі жылға 23 жылға тапсырамыз».

Бүгінде, аталған елді мекенде ауыз су жеткізу жұмысымен қатар, кәріз жүйесімен қамту құрылысы жүріп жатыр. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Ал, ауылды сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту жұмысы биыл басталып, 2023 жылы аяқталмақ.

Аида Қарсыбайқызы