Сайрамдықтар улы препарат пен шулы техниканың дауысына шағымданды

98

Сайрам ауданының тұрғындары түнгі уақытта ауылға іргелес алма бағында жұмыс істеп жатқан техниканың шулы дауысына шағымданды. Тракторлар кеш батқан соң ағаштарға пестицидтер себе бастайды, ал зиянды препараттар жергілікті халықты уландырады дейді Әйтеке би ауылының тұрғындары.

Ашынған елді мекен тұрғындары жекеменшік нысанның кіреберісіне жиналып, компания өкілдерімен кездесіп, оларға өз наразылықтарын білдірді.

Ерғали Абанов, Әйтеке би ауылының тұрғыны: «Қазір жаз уақыты, балалармен далада ұйықтаймыз. Бірақ түнде техникалардың дауысы тыныштық бермейді. Енді трактордың дауысы қатты шығады, төзу мүмкін емес, бұл біздің бірінші мәселе».

Әсел Пилменова, Әйтеке би ауылының тұрғыны: «Осы елді асырап отырған арық бар. Үлкен жақсы арық болған. Алма бақ келді, мал да, су да кетті. Біздің талабымыз арықты ашып берсін, сол жердегі алмаларды алсын. Ал мына алмаларды алсын деп айта алмаймыз».

Жиналған халықтың назын тыңдауға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары келді. Шухратулла Убайдуллаев аталған мәселені тез арада шешуге уәде берді.

Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Елді сумен қамтамасыз ететін канал – қазір осы алма бақтың аумағында. Сондықтан, біз қазір жаңа арнаны жасау мәселесін пысықтадық. Бірақ, бізге «Қазақтелекомнан»рұқсат керек. Онда талшықты-оптикалық кабель және газ құбыры бар. Бұл арық ЖШС есебінен жүргізіледі. Пестицидтермен өңделетін бақшаға келетін болсақ, бұл интенсивті бау-бақша болғандықтан дәрілеуді қажет етеді. Бірақ, біз қазір басшылықпен бүрку уақытын қысқартып, дәрілеу жұмыстарын жергілікті халықтан алшақ жерде жүргізу туралы келісімге келдік».

Әсел Мәлік