«Су ресурстары -Маркетинг» ЖШС-і сумен жабдықтау жүйесінің жаңа технологияларын енгізіп жатыр

55

 Қаладағы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і мамандары сумен жабдықтау және сарқынды суды бұру қызметтері бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады. Есеп беру шарасына қаладағы тұрғын үй төрайымдары мен белсенді қоғам өкілдері және табиғи монополия субъектілері қатысты.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қызмет көрсету нарығында 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Серіктестік Шымкент қаласы мен Сайрам ауданындағы бірнеше елді мекеннің тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде, тұтынушылардың жалпы саны миллионнан асады. Сонымен қатар, компания көпшілікке ағынды суларды толық тазарту арқылы су бұру қызметін де ұсынады.

Есеп беру кешіне қатысқан тұрғын үй төрайымдары компания қызметкерлерінің жұмыс нәтижесін атап өтті. Софья Галиуллина жеті жылдан бері Верещагин көшесінде орналасқан №73-А тұрғын үйінің төрайымы қызметін атқарып келеді. Ол «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мамандары өз жұмысын мінсіз атқаруда деп есептейді.

Софья Галиуллина, Верещагин көшесі, №73-А тұрғын үй төрайымы: «Біз қандай да бір шағым түсірсек те, «Водоканал» мәселені жеңіл шешіп береді. Егер тұрғындарда қандай да бір сұрақтар туындаса, біз арнайы осында келіп, оларды біздің инженеріміз немесе бақылаушымен бірге шешеміз. Менің ойымша, осынша уақыттан бері жұмыс дұрыс жүргізілуде».

Ләззат Тұлғаева, 18 ықшамаудан, №11 үй төрайымы: «Водоканалдың жұмысын 4 плюспен бағалаймын, неге плюспен, өйткені одан да жақсы жұмыс істеуге болады. Үздік жұмыс істеуге әрқашан резервтер бар, бірақ жалпы жұмысына көңілім толады. Су арнасының қызметкерлері әрқашан мәселелерді дер кезінде шешуге тырысады, сондықтан қызметтердің құны қолайлы деп айтар едім. Биыл олар тарифтерді төмендетті, бұл біз үшін тиімді болды».

2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында сумен жабдықтау және су тазарту саласын дамытуға жалпы сомасы 677 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінген. Олардың тең жартысы тозығы жеткен су мен кәріз желілерін жөндеуге және ауыстыруға жұмсалды. Ал, мәліметтерді қашықтықтан беру жүйесі бар су есептегіштерін сатып алуға 45 млн теңге бөлінген.

Аида Қарсыбайқызы