Ауыл шаруашылық бағдарламасымен қайтарымсыз 15 млн. теңге алып беремін деп алаяқтық жасаған екі әйел анықталды

56

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданды. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, олардың таныстары кәсіпкерлік палатадан ауыл шаруашылық бағдарламасымен қайтарымсыз 15 000 000 теңге алып беремін деп, сенімдеріне кірген.

Осылайша әбден сенімге кірген алаяқтар жәбірленушінің бірінен 940 000 теңге, екіншісінен 1 100 000 теңге ақшасын алған. Арада 1 жылға жуық уақыт өтсе де, берген уәде орындалмай, созбалаңдыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Оқиғаның толық-мән жайын анықтау үшін қажетті жұмыстарды жасады. Полицейлердің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, күдіктілер көп ұзамай анықталды. Олар жұмыссыз жүрген, екі жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті екі әйел пайдакүнемдік мақсатта осындай әрекетке барған. Олар жәбірленушіден алған ақшаны бас пайдасына жаратып, жасырынып жүрген. Қазіргі таңда сезікті әйелдерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысының алдын алу үшін кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Сонымен қатар, күмәнді қызмет ұсынып, ақша сұраған жағдайда бірден полицияға хабарласуды ескертеді.