Шымкент: Тұмауға қарсы вакцинация басталды

50

Елімізде тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды. Биыл шымкенттіктерді тұмауға қарсы вак­ци­на­циялау үшін 134580 доза вакцина сатып алынды. Тұмауға қарсы екпе мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда жүргізіледі. Бірақ мамандардың айтуынша азаматтардың барлығына бірдей екпе салына бермейді.

36 жастағы Жәмиля Қалмұрзаева бүгін тұмауға қарсы вацкинаны алғашқылардың бірі болып салдырды. Медицина мекемесінде жұмыс істейтін маман екпе салдыру арқылы вирустан қорғанатынын айтады. Сөзінше, әр жылы күз айларында вакцина салдыру оның тұрақты әдетіне айналған.

Жәмиля Қалмұрзаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгін өз еркіммен келіп вакцина салдырдым. Перзентханада акушер болып жұмыс істегендіктен, өзімді қорғау міндетім деп біліп, екпе салдырдым».

Биыл қала бюджеті есебінен Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 134 мыңнан аса дозасы сатып алынды. Себебі вакцина құрамында тұмауға қарсы штамм бар. Бұл шымкенттік жалпы тұрғындарының 12 пайызын ғана қамтуға мүмкіндік береді. Яғни, жіті респираторлық вирусқа қарсы екпе барлығына бірдей салынбайды дейді салаға жауаптылар.

Ақ халаттылар биыл тұмау вирусының түрі өзгергенін айтады. Күшейген түрі бұрынғыдан басқаша. Сондықтан да тұмауға қарсы екпе ектірген ең дұрыс жолы деп отыр.

Ал тұрғындар тамақтан ұстайтын тұмаудың бұрыннан салдырып жүрген уколдарға бой бермейтінін айтады. Әрі ұзақ уақыт бойы мазалайды. Сондықтан да ең дұрысы тұмау өршіп тұрған шақта көпшілік орындарға барғаннан сақтану қажеттігі туындап отыр.

Айта кетейік, жылда тұмауға қарсы екпе салу 1-қазаннан басталатын. Биыл бұл жұмыс екі аптаға ерте қолға алынды. Жалпы вирусқа қарсы иммундау жұмыстары қараша айының 15-не дейін жалғаспақ. Мемлекет басшысы «ең алдымен халық денсаулығы басты орында тұруы тиіс» деген болатын. Осыған орай, Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Лаура Нахыпқызы