“Түркістан әйелдері” фотокөрмесі: 70 жастағы апа әлі де кран айдайды

111

Шымкентте «Түркістан әйелдері» атты ерекше фотокөрме өтіп жатыр. Жоба мақсаты – ауыр жұмыс істеп жүрген нәзік жандылардың өмірінен сыр шерту, оларды халыққа таныстыру. Онда Түркістан өңірінде тұратын тәжірибелі, іскер аналардың 20-дан аса суреті халық назарына ұсынылды.

Зейнет жасындағы Шәрбан Тайшикова 51 жыл өмірін кран айдауға арнаған. Ол бұл көлік түрін ең алғаш 19 жасында тізгіндепті. Бар ғұмырын осы салаға арнаған ана жасы 70-ке жетсе де әлі темір тұлпарын тастағысы келмейтінін айтады. Ол бүгінгі көрмеге арнайы келіп, өзінің оқиғасымен бөлісті.

Шәрбан Тайшикова, кран жүргізушісі: “Өзім жұмысымды жақсы көремін. Бар есіл-дертім сол жұмыс болып тұрады. Әлі де шамам келсе, жұмысымды тоқтатқым келмейді. Біздің жұмыс та ауыр жұмыстар ғой. Бәрі кранмен істеледі. Әкелген бетонды қалыпқа құямыз. Кейін қалыптан алып жүк машинасына тиеп, құрылысқа жібереміз”.

Мұнда Шәрбан апайдан бөлек тағы да 5 түркістандық әйелдің суреті бар. Фотокөрменің ерекшелігі туындының шетінде орнатылған QR код. Оған телефон камерасын жақындатсаңыз суреттегі кейіпкер жайында бейнежазба мен фоторепартажды тамашалауға болады. Сондықтан да келушілерге бұл ерекше көрме қатты ұнаған көрінеді.

 

Айғаным Аянбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: “Бүгінгі көрмені инстаграм желісінен көргенмін. Осындай жерге келіп көрген дұрыс деп ойлаймын. Осындағы әйелдердің 30 жыл, 50 жыл бір жерде еркектердің жұмысын істегеніне таңғалып жатырмын. Суреттер де әдемі екен”.

Көрмеге келушілер назарына 20-дан аса фотосурет ұсынылды. 6 ананың шынайы өмірін камера көзімен көрсете білген жоба авторы бұл шара “Түркістан тіршілігі” проектісінің жалғасы екенін айтады. Алайда қарапайым ауыл әйелдерін фотоға түсіру, оларды жарыққа шығару оңайға түспеген көрінеді.

Айгерім Бегімбет, жоба авторы: “Бұл фотосуретте Бибісара Тұрдықұлова апай. Ол кісі Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылында тұрады. 34 жылдан бері сол ауылда теміржол монтері болып жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз осындай ел арасында ауыр еңбекпен айналысып жүрген әйелді көрсету, олардың еңбегін таныту”.

Жанерке Құмар, жоба авторы: “Біз қарапайым еңбек адамдарын насихаттағымыз келді. Қарапайым адамдар, олардың өмірін көрсетуіміз керек. Әсіресе әйел адамдар. Олардың еңбегін жастарға насихаттауымыз керек. Осы мақсатта біз жолға шықтық. Әйгерім Бегімбет екеуміз 6 кейіпкер түсірдік. Оның барлығы да Оңтүстік өңірдің әйелдері. Арасында 51 жыл кранда отырған апайымыз бар. 40 жылдан аса трактор айдаған, 36 жыл сауыншы болған апайларымыз бар. Ең бірінші бізге кездескен қиындық кейіпкер табу, тапқан кейіпкерді түсіруге келістіру басты қиындықтың бірі болды”.

Фотокөрме 1-і мен 17 қазан аралығында Sity Shopping Gallery орталығында өз көрерменін күтеді. Сондай-ақ ерекшелігімен көзге түскен “Түркістан әйелдері” көрмесі алдағы уақытта Алматыда өтетін медиафестивальға жол тартпақ. Онан соң айтулы ғажайып дүниелерді түркістандық көрермендер назарына ұсыну да жоспарда бар екен.