Түркістан қаласында «ерекше» балаларға апта сайын танымдық сабақ өткізіледі

46

Түркістан қаласында «Ұстаздардың кәсіптік шеберлігін жетілдіруде жаңа әдістердің ролі» атты тренинг сабағы өтті. Шараға тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған арнайы орталықтың 40-тан аса тәрбиешісі қатысты. Коучингтің мақсаты педагогтер арасында білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер туралы ақпарат беру.

Білікті тәрбиеші Тұрдәлі Нұрмаханбетов Түркістан қаласындағы тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған мектеп интернатында 5 жылдан бері жұмыс істейді. Орталық 2018 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, іргесі кеңейген кезде жұмысқа орналасқан екен. Бүгінде балалармен қалай жұмыс жасау керектігін толық меңгерген маман жаңа әдістерді бес саусағындай біледі.

Тұрдәлі Нұрмаханбетов, тәрбиеші: «Бұл жерде бізге әдістер жайында тапсырма берілген. Қолданатын түрлі әдістерімізді жазғанбыз. Біріншіден бізде сәлемдесу кезеңі. Ол жерде біз оқушыларды бес қадам арқылы сәлемдесеміз. Сұрақтар қоямыз. Сұраққа балалар жұрыс жауап берсе, мұғалім ішке қарай кіреді. Бұл оқушылардың көңілін аулау үшін қажет. Содан соң баланың қол методикасын дамыту үшін интерактивты тақтада түрлі ойындар ойнатамыз».

Білім ордасында тілінде ақауы бар балалар оқығандықтан мұндағы қызметкерлерге де қойылатын талап қатал. Тек білікті логопедтер мен тәжірибелі педагогтар жұмыс істейді. Олардың кәсіби шеберлігін дамыту үшін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндеттітүрде апта сайын түрлі тренингтер ұйымдастырып тұрады екен.

Бағила Қыстаубаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Жаңартылған білім мазмұны бойынша көптеген әдіс-тәсілдер қолданамыз. Соның ішінде «Блум таксономиясындағы» әдістерді көрсетеміз. Оның ішіне 5 қадам кіреді. Сол 5 қадамда қандай әдіс-тәсілдер қолданылатынын айтамыз. Сабағымыздың өзі 3 бөліктен тұрады. Басы, ортасы, соңы. Сабақ барысында барлық тәсілдерді толыққанды үйретеміз».

Бүгінгі жиында 40 маман бір-бірімен тәжірибе алмасып жатыр. Олар шара барысында дельфин ойыны, шаттық шеңбері сынды бірқатар әдіс-тәсілді өздерінің оқушыларына сай етіп өзгертіп, сабақтарында қолдануға машықтанды.