Екінші әйел болудың азабы

79
сурет freepik.com сайтынан

Редакциямызға хат жолдап, хабарласқан кейіпкеріміз өзімен тағдырлас жандардың ой-пікірін білгісі келеді екен. Сондықтан да хатын қаз-қалпында жариялап отырмыз. Қосарыңыз болса, бізге хабарласып, үн қосыңыз.

Сәлеметсіздер ме?
Қазіргі күйеуімнің екінші әйелімін. Бірінші әйелінен ажырасып, маған үйленген еді. Оқиғаны басынан баяндасайын.
Жақынымыздың тойында 32 жастағы бір кісімен таныстым. Небәрі 20 жастамын. Біз бір дастарханда отырдық. Той басталғаннан танысып, әңгімеміз жарасып кеттік. Тойдан кейін ол кісі мені үйге апарып салды. Өте ақылды, сымбатты әрі жақсы адам болды. Содан кейін күнде хабарлама жазып, жағдайымды сұрап тұрды.
Күн аралатып құшақ-құшақ гүл келетін. Кафе-мейрамхана, басқа ма, соның бәріне апарды. Шыны керек, ол кісіні бойдақ деп ойладым. Мен арасында отбасы жайлы әңгіме қозғаған кезімде жалғастырғысы келмейтін.
Содан кейін, ажырасуы ауыр өткен шығар, не әйелі қайтыс болды ма екен деген сұрақтар болды санамда. Бірақ өзі айта алатын кезінде айтсын деп бұл тақырып төңірегінде ештеңе сұрамадым, айтпадым.
Сөйтіп жүргенде біздің таныстығымызға жарты жылдан асып бара жатты. Ол қамқорлық танытқанын, сыйлық жасағанын тоқтатпады. Бірақ үйлену жайлы әңгіме қозғалмайтын.
Мен де бір-бірімізді жақын білгенімізді қалап жүрген шығар деп оған ештеңе демедім. Содан не керек, бір күні мен ол кісінің әйелі бар екенін білдім. Сол тойға барған құрбымыздың үйіне шайға барғанда адамдардың айтып отырғанын естідім. Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей әсер етті.
Орнымнан тұрдым, сыртқа шықтым да оған жаздым. Қайта маған хабарласпауын, аулақ жүруін ескерттім де содан кейін оның телефонын көтермедім.
Ол маған тыныштық бергенді қойды. Күнде үйіме келеді, «ажырасайын» деп жүргенін айтады. Мен оған оралсам да, оралмасам да онымен ажырасуға шешім қабылдап қойғанын және бұл әйелімен ортақ шешімі екенін айтты.
Білуімше, олардың 3 баласы бар. Отасқандарына 8 жыл болған екен. Соңғы бір жылда түсінбеушілік жиілеп кеткен. Екеуі сөйлесе келе ажырасуға шешім қабылдаған. Сондай кезде мені жолықтырған, болашағын менімен байланыстырған деген сияқты әңгімелерді естідім. Мен де ол кісіден алыстағым келмейді. Ақыры оны қабылдадым. Бірақ олардың ажырасуы біз ойлағандай оңай өтпеді.
Сондай қиын кездерде оның әйелін жек көрдім. Жігіт «кетем» деп тұрғанда несін ұстайды, неге жібермейді, маған неге сонша ашулы, мен болмасам да бітетін іс еді ғой» деген сияқты оны кінәлай бастадым.
Ақыры олар ажырасты, біз тойға дайындалдық. Сол кезде менің көңіліме келетін сөздер көп айтылды. Өте көп адам маған: «Сен біреудің отбасын бұзып, шырқын кетіріп, балаларын, әйелін жылатып алып кетіп барасың, бұлай бақытты болмайсың. Біреуді жылатып ешқашан бақытты болмайсың» деген сөздер көп айтты. Мұның бәрі психологияма әсер ете бастады. Өте қатты қиналдым. Ең маңызды күнімде, кішігірім тойымда бүкіл жұрт жабылып қарғыс айтып жатқандай сезіндім. Бақыт емес, қарғыс айтып жатқандай күй кештім. Осылайша әр қыздың ақ көйлек киіп, ең бақытты болатын күн менің керісінше көп жылаған, жұрттың сыни көзқарасына қалған күнім болды. Тіпті күйеуімнің әке-шешесі де мені жақсы қабылдамады. Олар бірінші келінін жақсы көретін еді. Олар үшін кінәлі адам мен ғана сияқтымын.
Келін боп түскеннен кейін де енем: «Менің бір ғана келінім бар» деп, бұрынғы келінінің атын айтаты. Әдейі естіртіп айтатын сияқты еді.
Осындай қиын күндер өтіп жатты. Отбасылық өмір басталған соң да бәрі керемет бола қоймады. Ол жақта да балалары бар. Балаларына барады, әке міндетін атқарады. Мен бұған тыйым сала алмаймын ғой. Бір сөзбен айтқанда бақытты боп кете алмадым.
Бақытты күнімнен гөрі жылаған күндерім көп болды. Күйеуім барынша маған жақсы қарады. Екі тарапты да ренжіткісі келмейтін. Балаларымызға да жақсы қарады. Бірақ маған әйтеубір бір тыныштық жетіспей тұратын еді. Сонда да әлі бірге өмір сүріп жатырмыз. Бірақ қуанғанымнан гөрі жылаған күндерім көп. Басында «күйеуім жақсы көрсе, сыйласа болды» деп ойлаушы едім. Бірақ адамдар айтқаны рас сияқты. Біреуді жылатып, бақытты бола алмайды екенсін.
Соған көзім жетті. Жап-жақсы тұрсақ та, менің жаным тып-тыныш болған күн өте аз. Сол үшін де осы хатты жазғым келді.
Оның бірінші әйелі тыныштық бермейді емес, керісінше, бізге мүлде араласпайды. Күйеуіммен тек балалары жайында ғана сөйлеседі, болды. Кейде «ол кісімен кездесіп, кешірім сұрасам ба екен» деп ойлаймын. Бірақ оған менің шамам жете ме? Ойлаған жағдайды орындау да қиын ғой.
Отасқанымызға да 6 жыл болса да « біреудің отбасын талқандаған әйел» деген сөз әлі күнге артымнан ереді. Әлі күнге бір отбасының тыныштығын бұзған адам ретінде саналамын. Сол да менің жанымды жегідей жейді. Осындай сезімнен қалай құтылсам екен әлде екінші болған әйелдердің бәрі мен сияқты сезімде мен сияқты көңіл-күйде жүре ме?

Ońtústik Rabat газеті, №1 (05.01.2023)