Түркістан облысының әкімі Қазығұрт ауданының халқымен кездесті

74

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы халқымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан ауыз су, көшелерге жарықшамдар орнату, жерді әділ бөлу, мектепке қосымша ғимарат салу және өзге де мәселелер көтерілді. Өңір басшысы алдағы уақытта ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар тоқтамайтынын жеткізді. Сондай-ақ бұл істе жергілікті әкімдік пен тұрғындар да белсенділік танытуы керек екенін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі “Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерді тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Біз жуырда Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Осы жоспарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 2 есеге арттыру көзделген. Жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Аудан әкімдері бюджет қаражатына ғана сенім артпай, инвестиция тарту жұмыстарын жандандырулары керек. Тұрғындар аулаларын таза ұстап, гүл егіп, аймақты көгалдандыруға, тазалығын сақтауға үлес қосқаны жөн”.

Қазығұрт ауданында былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция 23,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 млрд. теңгеге артты. Ал биыл аудан әкіміне бұл көрсеткішті арттыру міндеті жүктелді. Сондай-ақ жұмыспен қамту картасы бекітіліп, былтыр 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Ал «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.