«Халық ауыл шаруашылығымен күн көреді»: Саланы дамыту үшін не істеу керек?

52

Түркістан облысының 80 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан өңірде ауылшаруашылығын дамыту маңызды дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Қазығұрт ауданында өткен семинар-кеңкестің басты мақсаты да осы. Аймақ басшысы жиында жемісті қалдықсыз өңдеуге басымдық беріп, заманауи озық технологияны пайдалануға бет бұру қажет екенін айтты. Әрі егістікті әртараптандырудың тиімділігіне тоқталды.

«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу», су үнемдеу технологияларын енгізу және жылыжай шаруашылығын дамыту. Бұл Түркістан облысы ауылшаруашылық басқармасының алдында тұрған міндет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды агробизнес өкілдері мен ғылыми қызметкерлер қатысқан арнайы семинар-кеңесте бұл салаға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Халықтың әл ауқаты ауылшаруашылығының дамуымен байланысты деген өңір басшысы ол үшін жаңа технологияларға көшуіміз қажет деді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біздің ең негізгі шаруашылықтың бірі ауылшаруашылық. Облысымызда аграрлық секторда 74,2 мың агроқұрылым бар. Республикадағы көрсеткіші – 31%-ды құрайды. Жаңа технологияларға көшуіміз керек. Ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, жалпы өніммен қатар еңбек өнімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасады».

Қазығұрт ауданында өткен жиында малазықтық және масақты дақылдарды тікелей егу әдісі таныстырылып, әлемдік тәжірибенің тиімділігі талқыланды. Сондай-ақ әр елдімекеннен келген шаруалар бір-бірімен тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, Қазығұрт ауданында өткен жылы 66,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Биыл ауданға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан төмендетілген бағамен 3500 тонна дизель отыны бөлінді. Ал дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 95%-ды құрап отыр.