Нұртас шағынауданында асфальт төселген көшемен кәріз жүйесі жүріп жатыр

67

Биыл шымкенттіктердің 65 пайызы кәріз жүйесімен қамтылады. Қазір 11 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қалада 998 шақырым кәріз жүйесі бар. Ал тозу деңгейі 36 пайызды құрайды. Сондықтан, жауаптылар 2025 жылға дейінгі жоспар бойынша жұмысты тоқтатпай, қарқынды жүргіземіз деп отыр.

18 мыңға жуық халық қоныстанған Нұртас шағынауданында кәріз жүйесі жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қараша айында басталған құрылыс 2024 жылы толық аяқталады. Сонда шағынаудандағы 3000 – нан астам үй кәрізбен қамтылады. Қазір нысанда құрылыс қарқынды, шамамен жұмыстың 20 пайызы орындалып қойған.

«Қазір жерді қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 70-ке жақын құрылысшы жұмыс істеуде. 22 бірлік техника жұмылдырылған. Кәріз жүйесі 63 кмді құрайды. Соның шамамен 30 шақырымын салып бітірдік»,-дейді учаске бастығы Бауыржан Төлепов

Алайда мұнда бұған дейін асфальт төселіп қойған. Осыны ескерген мердігер мекеме кәріз құбырын жолдың жиегімен өткізіп жатыр. Сөздерінше, асфальтқа ешқандай зақым келмейді. Егер бүлінген жағдайда, қалпына келтіру компанияның жауапкершілігінде. Әрі 5 жылға дейінгі кепілдік береді.

Бұдан бөлек қаладағы 11 нысанда кәріз жүйесі жүргізіліп жатыр. Оның екеуі коллектор, 9-ы елдімекен. Қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, биыл 5 елдімекенде толық құрылыс аяқталып, халық кәріз жүйесімен қамтылады. Бірақ, мемлекет тарапынан тек есік алдына дейін әкеліп беру қарастырылған.

Еркеғали Жаназат Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Біз кәрізді көшенің бір жағымен тартамыз, ал орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу абоненттердің өз есебінен жүргізіледі. Су құбыры және канализация мекемесінен техникалық шарт алып, өз есептерінен қосылады».

Бүгінде үшінші мегаполистегі 81 елдімекеннің 24-де кәріз жүйесі жүргізілген. Қамту көрсеткіші 60 пайыз. Биыл тағы құрылыс жүріп жатқан елдімекендер тапсырылса, көрсеткіш 65 пайызға жоғарылайды деп жоспарланып отыр.