Қазығұрт ауданының тұрғыны 40 жылдан бері сауыншылықпен айналысады

2073

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 40 жылдан бері сауыншылықпен айналысатын тұрғын тұрады. 58 жастағы Бағлан Қасымбекова бір өзі 20-ға жуық сиырды күніне екі мезгіл сауады екен.

Бұзауын балаша еркелетіп, сиырын бауырынан сипап жүрген Бағлан Қасымбекова Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылының тұрғыны. Сиыр, бие саууды келін боп түскен соң үйренген ол 40 жылға жуық уақыттан бері сауыншылықты кәсіп етіп келеді. 21 жасында көпбалалы отбасының тұңғышына тұрмысқа шыққан сауыншы оған дейін кітапханашы болып қызмет еткен.

Бағлан Қасымбекованың сауыншылықты кәсіп етуінің өзіндік себебі болған.

«Атамыз ерте қайтыс болды. Сол кезде әлі шаңырақ көтермеген ұл-қыз бар еді. Бəрін жайына қондырып, жайғастырдық. Мұның барлығына ақша керек. Сол кезде үйде екі бие болатын. Бұған қоса, басқа адамдардың биесін ақысына сауа бастадық. Сауыншылыққа осылай келдім»,-деді ол.

Бағлан Қасымбекова балалары мектеп бітіріп, жоғары оқуға аттанғанда күйеуі екеуі қой мен жылқыны сатып, тек  сиыр ұстауға көшеді. Таңмен таласа 5-те тұрып, әуелі  сиырларға жем-шөбін береді. Сауыншы кейіпкеріміз 20-ға жуық сиырды 1 сағатта сауады.

«Кейін сүтті қайнатып, айран ұйытып, май аламыз.  Осылайша сиыр сауып, сүт пісіріп, күбі пісіп, түскі сағат 12-ге дейін барлық жұмысты бітіреміз. Түстен кейін құрт жасаймыз, нан жабамыз, қора тазалаймыз. Әйтеуір ауылда тірлік көп. Уақыт зымырап өте шығады. Қысы-жазы құрт, сары май істеп  сатамыз. Сиыр жаңа бұзаулағанда сүт молайып, күніне 50 литрге дейін сүт аламыз. Құрт, сары май сатып, аптасына 40-50 мың теңгеге дейін табамыз»,-деді Қазығұрт ауданының тұрғыны.

Бір қызығы – əр сиырдың мінезі мен түр-түсіне қарай момынай, қарнақ, тентек ала, қара сұлу секілді ерекше ат берген.  Өз сөзінде сауыншы Бағлан апай бұзауға да бала сияқты күтім керек екенін алға тартты. Уақытылы екпесін салдырады.

«Тура жас бала сияқты бұзаудың да іші өтіп ауырады. Мұның бәріне қарау керек. Балаға қалай қарасаң, бұзауға да солай қарайсың. Суық жерде жатып қалмауы керек. Бұлар да топырақ жалайды, сондай кезде бор сатып аламыз. Уақытылы екпе салдырамыз»,-деді сауыншы.

Күніне 20-ға жуық сиырды екі мезгіл сауатын кәсіпкер Бағлан Қасымбекова бар өмірім ауылдың қыз қайнаған тірлігімен сабақтасып жатыр дегенді айтты. Қалада тұра алмаймын дейді. Қалаға барса, ауылына қайтқанша асығады екен.