Úı ANONS Шымкентте 19 базар модернизациядан өтуі керек

Шымкентте 19 базар модернизациядан өтуі керек

Шымкентте кәсіпкерлік саласы қалай дамып жатыр? Жалпы мегаполистің инвестициялық әлеуеті қандай? Бұл сауалдарға қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы брифинг барысында жауап берді. Сондай-ақ, Береке Дүйсебеков жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Шымкентте 19 базарды жаңғыртудан өткізу қажет. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді. Жалпы бүгінде қалада 36 базар бар. Оның 19-ы әмбебап, 17-і мамандандырылған.

Құрылыс жұмыстары аяқталған:
1. Бекжан
2. Шымкент Тұлпар
3. Исатай (Алатау)
4. Акбар
5. «Иманалиев» мал
6. Барыс
7. Жабық базар
8. Көктем
9. Жібек Жолы
10. Жаңа шахар
11. Назым апа
12. Көмеш бұлақ

Құрылыс жүріп жатыр:
1.АвтоНұр
2.Орталық қырғы
3.Алаш
4.Айна
5.Самал

Бұдан бөлек, басқарма басшысы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады. Айтуынша, қазір үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытып, импорттан экспортқа ауысу бағытында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, индустриялды аймақта жүзеге асып жатқан жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Береке Дүйсебеков, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы: “Мемлекет басшысы қаламызға келіп, арнайы сапары барысында нақты тапсырма берді. Оңтүстік өңірлерінің ішінде сауда логистикалық хаб ретінде Шымкентті көретінін жеткізді. Олай айтуына толықтай негіз бар. Себебі біз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысының тауарларын тереңірек өңдеп шетелге экспорттауға толықтай әлеуетіміз, мүмкіндігіміз бар”.

2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 227 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Құны 1,7 трлн. теңгені құрайтын жоба негізінде мегаполисте 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіледі. Мәселен, биылдың өзінде құны 129 млрд. теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

“Бұл жобалар іске асқан кезде бұның экономикаға пайдасы қандай? Қандай әсері болады? Біз бірінші кезекте өндірістің көлемі артады. Күнделікті шығарып жатқан тауарымыздың саны, ассортименті ұлғаяды. Шетелге сатылатыны бар, ішкі нарыққа өтетіні бар. Және де осы күнге дейін біз шетелден алып жүрген заттарымызды импортты алмастыруға үлкен басымдық қойып отырмыз”,-деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында Шымкентке 84,8 млрд тг инвестиция тартылған. Жалпы жыл соңына дейін оның көлемі 722 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Exit mobile version