Шымкентте алғаш рет отбасылық фестиваль өтті

34

Шымкентте Отбасы күні мерекесіне орай алғаш рет отбасылық фестиваль өтті. «Family fest» жобасына – қаладағы шағын және орта кәсіп иелері белсенді атсалысты. Ал кәсіпкерлер өз өнімдерін көрмеде ұсынып, келушілер арасында отбасылық ойындар ұйымдастырылды.

Шымкенттіктер отбасылық фестивальде бас қосты. Алғаш рет өткізілген фестиваль жобасы «Халықаралық отбасы күніне» орай ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен фестиваль қонақтары түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Тұрғындар таза ауада тегін ұсынылған тағамдардан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Гүлбану Иманалиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өте керемет бастама деп ойлаймын. Отбасымен бірге демалу, тынығу. Қазіргі шарықтап тез дамып жатқан, уақыт жоқ заманда арнайы отбасымен осындай іс-шараға келу үлкен нығмет деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға көптен-көп рақмет! Тамаша атмосферада балалармен қыдырып жүрміз».

Фестивальді өткізудегі басты мақсат – отбасылық құндылықты дәріптеу дейді ұйымдастырушылар. Жобаға мегаполис кәсіпкерлері қатысты. Сөздерінше, мұндай бастама алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.

Кемеңгер Мұсахал, ерікті: «Алғаш рет өтіп жатыр біздің Шымкент қаласында. Шет елдерден блогерлер де келіп, осы іс-шараға қатысып, біздің осы көрермендеріміздің толтырып керемет іс-шараны өткізіп жатыр».

Таңертең бастау алған фестиваль кешке дейін жалғасты. Кеш соңында эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Іс-шара қатысушылары отбасылық ойындарда белсенділік танытып, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Гүлдана Дәурен