Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулылардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында 7-30 маусым аралығында қалалық полиция департаментінің қызметкерлері «Борышкер»жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Аталған шараға мыңнан астам полиция және Атқарушылық іс жүргізу органдарының 108 қызметкері жұмылдырылды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері сот орындаушыларымен бірлесіп заңмен белгіленген мерзімде төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіруге бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
«ЖПІШ барысында борышкерлерден 8 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, 140 автокөлік айыппұл тұрағына қамалды. Сонымен қатар, төлеуден жалтарғандарға төленбеген айыппұлдар туралы 11262 нұсқама қолма — қол берілді», — деді әкімшілік практика бөлімінің бастығы Асқар Байтілеуов.
Сондай-ақ полиция департаменті ҚР ӘҚБтК-не сәйкес, тұлға айыппұл салынған күннен бастап 7 тәулік ішінде оның 50 пайызын төлеуге құқылы екенін еске салды. Бұған қоса, азаматтар электронды үкімет порталында айыппұлдарын онлайн тексеріп, төлей алады.