«Ұшақ құрастырып шықты»: Шымкенттік оқушы республикалық байқауда топ жарды

46

Шымкенттік оқушы әмбебап ұшақ моделін жасап шықты. Жаңа жоба өрттің алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, әуе кемесі аэротүсірілімдер жасауға да қауқарлы.

10 сынып оқушысы Шадияр Сәрсенов ұшқыш болуды армандайды. Сондықтан авиация саласын зерттей бастаған. Арманына бір қадам жақындау үшін аянбай еңбек етіп, ізденген оқушы әуеден табиғат аясын барлауға арналған ұшақтың макетін жасап шыққан. Жаңа жобасын «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» атты республикалық байқауда қорғаған ол 1 орынды еншіледі.

«Мен кішкентайымнан ұшқыш болғым келіп, ұшақтардың түр-түрін қарап, зерттеп шықтым. Сонда ойыма осы ерекше модельді жасау келді. Бұл жобам республикалық инновациялар байқауында үздік шықты. Қазылар алқасы ерекше туынды деп таныды. Мен оған өте қуаныштымын. Себебі өзімнің сүйікті салама біртіндеп жақындап келемін» – дейді 10 сынып оқушысы Шадияр Сәрсенов.

Инновациялық жобаның ерекшелігі өрт оқиғасы орын алған қауіпті жерлерді көктен бақылап, қызыл жалынды сөндіруге септігін тигізеді. Ал дарынды оқушы макетті өзі жинап шыққанын айтады.

«Бұл құрылғыны сырттан басқаруға болады.Әуе кемесінің жылжымалы қанат клапандары бар. Бұл өз кезегінде ұшақты еркін қозғалуға көмектеседі. Сонымен қатар ұшақтың пішіні мен ауыр заттар сақтайтын бөлігі ұшу кезінде аэродинамикалық кедергіні азайтады. Ал астында су сақтайтын көлемді баг бар. Ол асты жағынан ашылып, су шашады» – дейді 10 сынып оқушысы Шадияр Сәрсенов.

Бұл модельді картография жасап, құрылыс және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін пайдалануға әбден болады. Себебі ұшаққа қойылған камера қарапайым құралдармен қол жетпейтін аумақтарда жоғары сапалы аэротүсірілімдер жүргізуге мүмкіндік береді. Ғылыми жоба жетекшісі Юрий Грязнов жаңа туынды жануарлардың, құстардың, жәндіктердің миграциясын бақылауға да көмек береді дейді.

«Оқушым өзі ұшаққа қатты қызығады. Қызығушылығының негізінде идея тастады. Осылайша біз жаңа жоба жасауға кірістік. Біздің әуе кемеміздегі камера жануарлардың қозғалысын бақылауға қабілетті және ғалымдар мен экологтарға экожүйені қорғау және зерттеу үшін құнды деректер жинауға мүмкіндік береді. Зиянкестермен күресу үшін де қосымша құрылғы ретінде қолданса болады. Макеттегі цистерналарды зиянкестерді бүрку үшін пайдаланылуға мүмкіндік зор. Жан жақты қолданысқа жарамды» – дейді №8 мектебінің физика пәні мұғалімі Юрий Грязнов. 

Басқарушысыз әуе кемесі канадалық CL-215 ұшақ-амфибиясына ұқсатып жасалған. Шадияр Сәрсенов оның қаңқасын ағаш пен фанерадан құрастырыпты. Ол, ұшақ қазір қуат көзі ретінде қарапайым қуаттағыш қолданылса, келешекте күн батареясын қолдануға да қауқарлы болады дейді. Сонда құрылғының ұшу ауқымы кеңейеді екен.