9 сынып оқушысы дыбыстық көмекші бағдарлама жасады

30

Шымкенттік 9 сынып оқушысы дыбыстық көмекші жасап шықты. Бұл бағдарлама білім саласындағы ғылыми материалды іздеуге мүмкіндік береді. Жоба тіпті сұрақтың жауабын ғана айтып қоймай, сол тақырып туралы толыққанды ақпарат беруге қауқарлы.

9 сынып оқушысы Али есімді дыбыстық көмекші бағдарламасын құрастырып шықты. Жоба авторы Рамазан Имаммазам бұл идея жазғы демалыста келгенін айтады. Сондықтан ізденіп, оқушылар үшін пайдалы дүниені жасауға бел буыпты. Бұл құрал арқылы оқушылар өзіне керек ақпаратты толыққанды ала алады. Себебі айтулы көмекші үй тапсырмасында берілген сұрақтардың жауабын айтып ғана қоймай оның шешу жолын да түсіндіріп бере алады.

«Еліме пайда тигізу үшін дыбыстық ассистентті жасап шықтым. Бұл көмекші нейрондық жүйенің негізінде құралған. Сіз гуглдан ақпарат іздесеңіз бірнеше ақпаратты береді ғой. Ал менің жасап шыққан дыбыстық ассистентім сізге нақты жауапты ғана ұсынады. Дыбыстық көмекші кез келген маман немесе оқушыларға білім алу жүйесінде сабақты тез және жеңіл түсінуге көмектеседі», – 9 сынып оқушысы Рамазан Имаммазам.

Рамазанның кішкентайынан компьютерлік бағдарламаларға деген қызығушылығы басым болыпты. Сондықтан информатика пәні мұғалімі оны ғылыми жобалар жасауға дайындағанын айтады. Десе ол дыбыстық көмекшіні ешкімнің көмегінсіз өзі жасап шығыпты.

«Дыбыстық көмекшіні Рамазан 5 айдың ішінде жасап шықты. Өзі осы салаға қызығып, өзі ізденіп, бағдарламасын кодтан арқылы құрып шықты. Бұл оқушым өзі зерек бала. Басқа балаларға қарағанда басқаша ойлайды. Сондықтан болса керек идеялары мықты», – информатика пәнінің мұғалімі Айнұр Бекботаева. 

Шымкентте былтырғы оқу жылында 2 мыңнан аса оқушы ғылыми жоба қорғаған. Оның 59-ы республикалық байқауға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінген.