«Әйел тергеушілер сұранысқа ие»: Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар ісін кімдер тергейді?

38

2021 жылдан бері елімізде зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға қатысты іспен әйел тергеушілер де айналысып келеді. Ел Президентінің бұл тапсырмасы үшінші мегаполисте қалай жүріп жатыр? Шымкенттіктердің әйел тергеушілерге деген көзқарасы қандай?

Жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға қатысты істі, тек әйел тергеушілер жүргізуі керек. Бұл Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы берген тапсырмасы болатын. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне жыл басында берген сұхбатында осы бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүріп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ, ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді».

Президент тапсырмасынан кейін Шымкентте жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға қатысты істі жүргізетін арнайы қызметтік бөлме ашылған. Бұл бөлімшеге жәбірленуші арыз жазып қана қалдырмайды, сонымен бірге шұғыл психологиялық көмек алуға да мүкіндігі бар. Ол жерде уақытша жатын орын да қарастырылған.

Диана Турапаева, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі: «Зорлықтың құрбаны сол жаққа барады. Сол жерде психолог мамандар жұмыс атқарып, сол кісілермен көмек көрсетеді. Тергеушіге келер алдын, қандай бір көмектер медициналық болсын, психологиялық. Заңгерлік те көмек көрсетеді. Сол жерде кабинет ашылған. Осындай шақыру түскенде қыз тергеушілер сол жерде тергеу жүргізеді»

Қазір Шымкентте 6 әйел тергеуші бар. Соның бірі – Диана Турапаева. Оның айтуынша жәбірленуші әйелдер, әйел тергеушілерге сенім білдіреді. Олар ерлерге айта алмаған шындығын бізге ашылып айтады дейді.

Диана Турапаева, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі: «Қазіргі таңда көбінесе арызданушылар әйел тергеушіні сұрайды. Өздері сұрайды. Шақырту түскен кезде міндетті түрде сұрайды. Әйел тергеуші әйел адамға жұмыс істеу оңайлау. Өйткені қысылмайды. Енді әйелдің жанын әйел түсінеді деп ойлаймын. Сол себепті барлық болған жағдайды қысылмай, ұялмай ашық түрде айта алады»

Ал, шымкенттіктер бұл тақырыпқа байланысты түрлі пікір білдірді. Дегенмен басым бөлігі әйелдің жанын әйелден басқа ешкім түсіне алмайды дейді.

«Еркектердің де тергегені дұрыс. Бірақ, әйел адамдар өздері көңіл бөлмесе ер адамдар оған  көңіл аудармайды деп ойлаймын».

«Егер әділ болса барлық нарсе болады. Егер ол әйелдің қолынан келсе онда болады»

Айта кетейік, қазіргі таңда жыныстық зорлық зомбылыққа қатысты 22 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ал, әйел тергеушілер тек зорлық-зомбылыққа қатысты істі ғана емес, басқа да түрлі қылмыстың бетін ашуға атсалысады.

Лаура Бабас