Ардагерлер бірқатар мәселені қала басшысы назарына ұсынды

42

Шымкенттің гүлденуі, сапасыз жолдар мен құрылыс нысандарының проблемасы ардагерлер кеңесінде көтерілді. Онда қала басшысы белсенді азаматтармен кездесіп, ой пікірін тыңдады. Ал көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.

Шымкенттік ардагерлер қала әкімімен кездесіп, толғандырған мәселелерін жеткізді. Оның ішінде жол, ғимараттар құрылысының сапасы, саябақтар мен мегаполисті көгалдандыру сынды проблемалар бар. Мәселен, Бекет Тұрғараев облыстық балалар кітапханасын қала балансына алып қалуды ұсынды. Себебі бұған дейін мәдени ошақты Түркістанға көшіру туралы сөз қозғалған болатын. Соған байланысты белсенді азаматтар мұндай маңызды нысан Шымкенттік оқушылар үшін қажет екенін айтады.

«Кітапхананы ашу керек немесе салу керек. Салу енді ақшаға тіреледі. Сондықтан мың кітап қоры бар кітапхана осында қалса екен. Себебі алыс ауылдардан келетін балалар да бар. Оқығысы келетін бала қалаға жүгіреді. Сондықтан осы мәселені қарастырсаңыз», – дейді ардагерлер кеңесінің мүшесі Бекет Тұрғараев.

Ал қала басшысы облыстық әкімдікпен келісім жасалғанын және айтулы кітапхана Шымкенттің еншісінде қалатынын айтты. Сонымен қатар Түркістанға қарайтын тағы бірнеше нысан мегаполис қарамағына алынбақ.

«Кітапхананы алып қалдық. Үстіне атауын да өзгертіп жатырмыз. Сонымен қатар филармония да бізде қалатын болды. Облыстан айтып жатыр өздеріне барғысы келетіні сол жаққа, Шымкентте қалғысы келетіні Шымкентте қала берсін деп. Біз енді онда мемлекеттік мекеме құрамыз», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Қалада 90 мың ардагер бар. Олардың бірпарасы қазір «Белсенді ұзақ өмір орталығының» қызметіне жүгінеді. Сондықтан жиын аясында Ғабит Сыздықбеков аталған мекемеге барып, зейнеткерлер үшін жасалған мүмкіндіктермен танысты.