Өрімдей қыз өзін неге өлімге қиды?

47

Шымкентте мектеп оқушысы өзіне өзі қол салып қаза тапты. Марқұмды алғаш болып анасы тауып алған. 17 жастағы қыз Оңтүстік шағынауданындағы №34 мектепте оқыған. Қазірше оның не себепті суицидке барғаны белгісіз. Ал оқиғаның мән жайы тексеріліп жатыр.

Шымкентте 17 жастағы бойжеткен өз-өзіне қол салып, көз жұмды. Қара жамылған отбасының туыстары марқұмды анасының тауып алғанын айтады. Алайда қыздың мұндай қадамға не үшін барғаны әлі белгісіз. Себебі марқұм қоштасу хатын қалдырмаған. Ал достары 17 жасар бойжеткеннің ұялы телефоны әлі табылмағанын айтады.

«Неге мұндай жағдайға барғаны бізге белгісіз. Біз кішкентайымыздан бірге оқыған едік. Өте тату болдық. Сабырлы, ешкіммен сөзге келмейтін қыз. Демалыс күні қыздармен сөйлескен екен. Ол кезде бәрі жақсы болған. Бірақ қазір досымыздың ұялы телефонын іздеп, таппай отырмыз», – дейді марқұмның құрбысы Александра.

№34 мектепте білім алған қыз, жексенбі күні сыныптастарына сабаққа баратынын айтқан. Алайда таңертең анасына ауырып жатырмын деп мектепке барғысы келмепті. Ал білім ошағының психологы марқұмды өте салмақты, тәриелі қыз еді деп еске алады.

«Психологиялық жағдайы тұрақты еді. Көңіл-күйі қалыпты болатын. Барлық қоғамдық шараларға қатысатын. Өз ортасы бар. Достарымен, ұстаздармен қарым-қатынасы жақсы еді», – дейді психолог Ардақ Айтбаева

Бақилық болған түлек 1 айдан кейін 18 жасқа толатын еді. Ал осы айда ҰБТ сынағын тапсыруға дайындалып жүрген. Бүлдіршін кезінде әкесінен айырылған қыздың отбасы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алады екен.

«Сабақтан көп қалмайтын. Анемиямен ауырған кезде ғана анықтамамен қалатын. Әлеуметтік көмекті «Мектепке жол акциясымен 41 мың теңге 1 рет алды және ыстық тамақпен қамтылған. 5 сыныптан сабақ беремін. Ақылды қыз еді. Ауырып сұранып кетсем, келгенде «сізді сағындық» деп құшақтап қарсы алатын қыз еді. Біз ондай жағдай күтпедік», – дейді №34 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Әлімқұлова.

Сонымен өрімдей қыз өзін неге өлімге қиды? Бойжеткеннің қатарластарынан қысым көргені рас па? Бұны қазір құзырлы орган өкілдері анықтап жатыр. Аталған жайт бойынша іс қозғалып, сараптама тағайындалған.

«Бұл дерек Еңбекші аудандық ПБ-на ҚР Қылмыстық Кодексінің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.

Қаза тапқан қыз №34 мектепте оқыған. Қазір қаралы жағдайдан кейін білім ордасында басқа оқушылармен психологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.