Тұмаудан жазылу неге қиындап барады?

50

Шымкентте биыл жіті респираторлық вирустық инфекцияның А түрімен ауыратындар саны артқан. Мамандар бұл вирустық аурудың ауыр өтетінін айтады. Сондықтан да соңғы уақытта салқын тигізіп ауырған науқастардың жазылуы қиындаған.

Шымкентте жіті респираторлық вирустық инфекциясының А түрімен ауырғандар саны артқан. Былтыр аурудың небәрі 3 жағдайы тіркелсе, биылғы маусымда ол көрсеткіш 136-ға жеткен. Эпидемиолог мамандар қазір өзгеріске түскен вирустың бар екенін айтады. Көп тұрғындарда тұмаудың ауыр өтіп, ұзақ емделіп жатқаны да сондықтан көрінеді.

«Биылғы маусымның өткен жылдан айырмашылығы бар. Ковид пандемиясынан кейін байқасаңыз бірнеше ауру бірден шығып жатыр. Себебі бір адамда бірнеше инфекция қозуы да мүмкін. Тұмаумен ауырған адамда ЖРВИ-да болуы мүмкін, ковид те болуы мүмкін. Немесе қызылша да болуы мүмкін. Бәрінің қосылған инфекциясы жүріп жатыр. Ғалымдар вирустар әлемінде өзгерістер болғанын интернет желісі арқылы айтып жатқаны бәрімізге белгілі», – дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Сырқаттанғандардың 32 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. Мамандар бұл аурудың негізді белгілері 3-5 күн аралығын анықталатынын айтады. Олар дене қызуы көтеріліп, жөтел байқалса, тез арада емделуге шақырады. Себебі ЖРВИ-дің асқыну салдары басқа ағзаға тікелей кері әсерін тигізеді екен.

«Адам ағзасында вирустан асқыну қалып жатады. Көбісі ауырып жатырмын деп емделмей жүріп алады. Біраз уақыт өткен соң, ол жүрегі, бүйрегі немесе басқа ағзасына әсерін тигізгені байқалып жатады. Асқыну отит, энцефалит, менингит тудыруы мүмкін. ЖРВИ мен тұмаумен ауырған кезде денсаулығыңызға абай болу керек»,- дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Дәрігерлер қазір тұмау маусымы жүріп жатқандықтан бөлмені күніне 2-3 рет 15 минуттан желдетуді, ауа температурасын +18-22 градус аралығында ұстауды ұсынады. Сонымен қатар қажет жағдайда бетперде тағуға кеңес береді. Алайда оны әр 3 сағат сайын ауыстыруды ұмытпау керек.