Шымкенттік спортшылар жарқын жеңістерге қол жеткізді

26
фото Шымкент спорт

 

Шымкенттік спортшылардың бүгінде айдарынан жел есіп тұр. Шетелдерге барған спорт жарыстарының барлығында да жүлдесіз қайтқан жері жоқ. Өткен апта шымкенттік спортшылар үшін жеңісті де, жемісті болды.

Байдарка және каноэ есуден Токиода  өткен Азия чемпионатының алғашқы күнінде жұптық сында Қазақстан құрамасы (ерлер және әйелдер) Париж Олимпиадасының үш жолдамасын жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшысы Сергей Емельянов пен Сергей Токарницкий, сондай – ақ Руфина Искакова өнер көрсетті. Шымкенттік спортшылардың жетістігі мұнымен де шектелмек емес.

Күрес түрлерінен Бішкекте өтіп жатқан лицензиялық турнирдің шешуші күнінде Азия чемпионы аса ауыр 130 келідегі Әлімхан Сыздықов 1/2 финалда тәжірибелі Қырғызстан балуаны, Азия чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Роман Кимнен басым түсіп, Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Нысана көздеуден Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өтіп жатқан лицензиялық турнирде Шымкент қаласының мергені Елизавета Безрукова 50 метрден үш позицияда винтовкамен нысана көздеу сайысында жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын (595 ұпай) жаңартты.

Жыл сайын Каирда өтетін WKF Каратэден «Premier League» Халықаралық турниріне Алпысбай Қайсар 60 келі мен Берульцева Софья 68 келі қатысып, қола жүлдеге ие болды.

Испанияның Ла-Нусия қаласында грек рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «Jovenes Promesas» Халықаралық турнирі өтті. Жарыста Мусан Ерасыл (51 келі) мен Тойшы Әділет (92 келі) алтыннан алқа тақса, Шамил Досбол (60 келі) қоланы қанағат тұтты.

Бұхара қаласында өткен Бокстан ересектер арасындағы “Наурыз” атты Халықаралық турнирде Пайзиллаханов Сардорхан /63.5 келі/ мен Усманов Нурлибек /67 келі/ алтыннан алқа тақса, ағайынды Журабаевтар Шахзод /63.5 келі/ күміс, ал Шерзод /71 келі/ қоланы қанағат тұтты.

Ел чемпионатына оралсақ, Түркістан қаласында грек-рим және еркін күрестен есту қабілеті зақымданған жасөспірімдер және 23 жасқа дейінгі спортшылар (U23) арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында жерлестеріміз үздік көрініп, U 20 (5 алтын, 2 күміс, 1 қола), U 23 (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) спортышлары жалпыкомандалық есепте көш бастаса, U 17 (2 алтын, 1 күміс) спортшылары екінші орынды қанағат тұтты. Павлодар қаласында Белбеу күресінен 2007-2009 ж.т жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл жарыста үш бірдей жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді.