5 жылда жол апатынан 373 адам қаза тапқан

0
фото Отырар.кз

Жыл басынан бері 500-ге тарта жол көлік оқиғасы орын алған. Ал 150 мыңнан аса жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Сондықтан мамандар үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын өткізді.

Жыл басынан бері 500-ге тарта жол көлік оқиғасы орын алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 437 пайызға артық. Бұл туралы мамандар үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында мәлімдеді. Ал зардап шеккендер саны 625-ке жеткен. Оның 166-сы кәмелетке толмаған бала. Сондықтан прокуратура өкілдері бұл мәселенің алдын алу маңызды екенін айтады.

«Сергек» құралы жүргізушілерді тәртіпке салуда септігін тигізіп жатыр. 4 айда 153 мыңнан астам жол қозғалысын бұзу дерегі тіркеліп, 1,6 млрд. теңге айыппұл салынды. Қазір оның 1,3-і өндірілді. Қосымша 3000 дана камера орнату үшін бюджеттен 4,4 млрд. теңге қаралды», – дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Рашид Әміров.

Жиын барысында белсенді азаматтар сөз алып, өз ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, олар кептелістің алдын алу үшін автобус жолағын құру керек деп санайды.

«Республика, Тәуке хан, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев, Бейбітшілік көшелерінде жолдың оң жағын автобусқа беру керек деп ойлаймын. Неге десеңіз автобустар уақыты кептелістен дұрыс жүрмей қалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер мұндай жағдай Алматы мен Астанада оңтайлы шешілген», – дейді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Каюпов.

Қала басшысы алдағы уақытта бұл ұсыныстың қаралатынын айтады. Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков шаһардағы көлік қозғалысына қатысты белгілерді қою бойынша мамандарға тапсырма берді.

«Әрине ойымызда бар. Бас жоспармен айналма жол салу көзделген. Сондықтан бас шешімге қараймыз. Сіздің ұсынысыңыз орынды. Осы бойынша қараймыз. Қалада бірнеше жол белгісін байқап қалдым. Бұларды алу-қою, керек жерден белгіні алып тастау жауапкершіліктің жоқтығы деп ойлаймын. Сондықтан Айдын Мейрамбекұлы сіздің жеке қаруыңызда болсын. Бақылауға алыңыздар», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Мамандар соңғы 5 жыл ішінде орын алған жол көлік оқиғаларына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде апаттар саны 2 есе өскені анықталды. Сонымен қатар 2019 жылдан бері 3 мыңнан аса адам автокөлік апатынан жарақат алса, 373 тұрғын қаза тапқан. Прокуратура қызметкері мұндай қайғылы жағдайдың басты себебі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруынан дейді.

«Жол көлік оқиғаларының негізгі себебі, бірінші жаяу жүргіншілерге жол бермеу, екінші жылдамдықты арттыру. Бұл барлық тіркелген жол көлік оқиғаларының 60 пайызын құрап отыр. Түркістан облысынан келетін көліктер бар. Күніне 300-бен 500 арасында көлік жүреді. Күніне кіріп-шығатын көліктердің көптігінен жол оқиғаларының да саны артып отыр», – дейді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Нұржан Серікбаев.

Қала көшелерін тексеру барысында 59 қауіпті аймақ анықталған. Қазір ол жерлерге жол белгілері, бағдаршам орнату жұмысы қолға алынды. Ал осындай мәселелерді көтеріп, кемшілікті жою үшін арнайы комиссия құрамын кеңейту көзделіп отыр.