Балаларды қорғау күні: Арнайы орталықта керемет кеш өтті

6
фото Отырар.кз

Шымкентте балаларды қорғау күні аталып өтті. Мерекеге орай өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арнап көңілді кеш ұйымдастырылды. Шара барысында бүлдіршіндерге әкімдік мен полиция қызметкерлері сый құрмет көрсетті.

Балаларды қорғау күніне орай қала басшысы Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін мерекесімен құттықтады. Көңілді кеште балақайлар өз өнеріп ортаға салса, демеушілер мен әкімдік тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Ал қаламыздың тәртіп сақшылары №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап керемет кеш ұйымдастырды. Онда полиция департаментінің қызметкерлері ән салып, түрлі акробатикалық трюктар көрсетті.

Мерекелік концертте қаланың бас полицейі мен әкім орынбасары балақайлармен бірге би билеп, орталық тәрбиеленушілеріне керемет көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар балаларға арнайы сыйлығын табыс етті.

«Біздің 3 баламыз Қарағандыда оқып жатыр. Олар қазір 1, 2, 3 курста оқиды. Келесі жылы да түсетін балалар бар. Өздерінің ойымен ІІМ қызмет еткісі келген, өз өмірлерін, қоғамды қорғағысы келген балалар бар. Біз оған қуаныштымыз. Еліміз тыныш болсын. Бүгінгі қуаныш құтты болсын», – дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Думан Таев.

Ал департамент басшысының ыстық ықыласына бөленген 14 жастағы бала, келешекте тәртіп сақшысы болуды армандайды. Мұны естіген Думан Таев жасөспірімге құқық қорғау саласында білім алуына көмек көрсететінін айтыпты. Сонымен қатар сыйлық ретінде сағат да берген көрінеді.

«Бүгінгі кеш өте көңілді өтті. Бізге қатты ұнады. Маған Думан Таев Әшкенұлы 3-4 жылдан кейін Қарағандыға оқуға түсуге көмектесеміз деді. Онда оқып тергеуші немесе жол сақшысы болғым кереді. Қазір ол үшін құқық салалары мен тарихты оқып дайындалып жүрмін», – дейді тәрбиеленуші.

Шара барысында балақайлар мерекелік концертті тамашалап қана қоймай, тәртіп сақшыларының өмірімен де танысты. Атап айтқанда олар әскери қарақұмық ботқасының дәмін татты.