Ұлын көлік қағып кеткен ана тергеудің созылып кеткеніне наразы

 

Түркістан облысының тұрғыны ұлын «экс-прокурор қағып кеткенін» айтып шағымданды. Сөзінше, көлік жүргізушісі жәбірленушінің өзінен өтемақы сұраған. Онымен қоса, дәрігерлер де жасөспірімге ешқандай көмек көрсетпеді дейді ол. Көпбалалы ана тергеудің созылып, бір айдан бері сот сараптамасы шықпағанын айтады.

13 жастағы Саят Серікұлын осыдан бір ай бұрын көлік қағып кеткен. Анасының сөзінше, баланың 5 қабырғасы сынды деген дәрігер құжатқа 4-і сынды деп жазыпты. Ал полиция болса, жол апатына «өзім кінәлімін» деп хаттама жаздырып алған дейді. Жасөспірімнің анасы қаққан көліктің тізгінінде экс-прокурор болғанын айтады.

Жібек Базарова, жәбірленушінің анасы: «Ол кісі айтты. «Мен прокурор болып жұмыс жасағанмын. Мен ешнәрседен қорықпаймын. Менің адамдарым көп» деп. Мен осы істің қысқарып кетуінен қатты қорқамын. Өйткені дәрігер ауруханадан шығарып жіберуге қатты асықты. Одан кейін бұның жағдайын сұрап ешкім келген жоқ. Тергеушілер келген де бұған былай жаздырып алған. «Менің велигімнің тежегіші ұстамаған себепті біз келе жатқан машинаға соғыстық» деп жазған. Ал, бірақ шындап келгенде ондай емес. Өйткені бұл великті былтыр ғана алғанбыз«.

Көпбалалы ана баласын қаққан көлік жүргізушісінен өтемақы сұрапты. Ер адам болса, «ұлыңды қараусыз жібердің» деп өзімді жазғырды дейді ол. Ал өзін экс-прокурормын деп таныстырған көлік жүргізушісі түсірілім тобына өзінің заңгер екенін айтты.

Нұрлыбек, Түркістан облысының тұрғыны: «Мен оны барып қаққан жоқпын. Керісінше олар маған келіп соғысты. Бұлар алды да маған 148 мың теңге айыппұл тағайындап, 610 баптың бір тармақтарын айтты. Мен онымен келіспеймін деп прокуратураға арыз жаздым«.

Іске қатысты тергеу жұмыстары басталғанымен, бір айдан бері сот сараптамасы шықпады дейді баланың анасы. Бұл іске күмән келтіріп отырған ана прокуратураға арызданамын деп отыр.