Өз міндетін дұрыс атқармаған кәсіпкер мемлекетке 56 млн теңге қаражатты қайтарады.
Бұл қаржы Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықты абаттандыруға бөлінген екен. Сатып алу конкурсын 2018 жылы жеңген заңды тұлға құжатта көрсетілген жұмысты ішінара орындамаған болып шықты. Бизнес иесі алғашқы сотта жеңіске жеткенімен, прокуратура апелляцияға жүгінген. Нәтижесінде тиісті деңгейде игерілмеген қаржы мемлекеттің пайдасына өндірілетін болды.
«Шымкент қаласының экономикалық сотының шешімімен мемлекеттік мекемеге шарттық міндеттемелерін орындамаған ЖШС-тен бюджет қаражатын өндіріп алудан бас тартылған. Шарт бойынша ЖШС Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықты абаттандыру жұмыстарын жүргізу міндетін алған, алайда бұл міндеттемені тиісінше орындамаған. Прокурордың наразылығы бойынша апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, бітімгершілік келісімін бекіту туралы шешім қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 56 млн теңгеден астам бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды», дейді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Жанерке Атыкаева.