Абай ауданының әкімі тағайындалды. Лауазымға кандидатты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ұсынды. Тағайындау мәселесі Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясында қаралды. Кандидатты депутаттар да бірауыздан мақұлдады.
Шымкентте қалалық мәслихатының кезектен тыс 18 сессиясы өтті. Күн тәртібінде Абай ауданы әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру мәселесі қаралды. Жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аудан әкімі лауазымына Сұлтанхан Шәкір Асылханұлының кандидатурасын ұсынды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Шәкір Сұлтанханның кандитатурасын Абай ауданы әкім лауазымына ұсынып отырмын. Осы азамат біраз жұмыстарды атқарған, біраз мемлекеттік органдарда еңбек атқарып келе жатыр. Өздеріңіз бұған дейін білетін азамат. Енді осы тапсырған ауданды ары қарай қолдан келгенді жасап ауданды көркейтеді деген сеніміміз бар».
Кандидат Шәкір Асылханұлы депутаттарға өз жоспарын таныстырды. Ол алдымен шалғайдағы елдімекендердің инфрақұрылымдарына назар аударып, дамытуды қолға алатынын жеткізді.
Шәкір Сұлтанхан, Абай ауданының әкімі: «Бірінші, ауданның шалғай орналасқан елдімекендерінің инфрақұрылымдарын дамыту. Өздеріңізге белгілі қала жақын орналасқан Түркістан облысының аудандардан, Абай ауданынан 7 елдімекен қосылған. Бұл елдімекендердің инфрақұрылымдық дамытуы өте төмен болған. Бұл елдімекендердің инженерлік инфрақұрылымдарын мегаполис қаласына сай деңгейде дамытуымыз қажет. Сондықтан бірінші кезекте қала орталығынан шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарына жағдай жасау үшін инженерлік инфрақұрылым құрылыстарын жүргізуге, ауданның даму жол картасын әзірлеп, бюджет қаржылықтарын көптен бағытауымыз қажет».
Шәкір Сұлтанхан 1971 жылы дүниеге келген. М.Тынышпаев атындағы «Қазақ көлік және коммуникациялар» академиясын және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Ол бұл лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болды.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Бүгін Шәкір Сұлтанхан кандитатурасы бізге ұсынылған, соны біз бірауыздан қолдап отырмыз. Себебі ол осы өңірдің азаматы, өмірбаян жолын қарасаңыз түрлі қызметтерді атқарған. Қарапайым жұмысшыдан бастаған, кәсіпкер де болып көрген, арада мемлекеттік қызметтерде көптеген сатылардан өткен және осы мемлекеттік қызметтер істер жөніндегі департаментін басқарған кезде оның іскерлігін өзіміз көріп жүрдік».
Айта кетейік, қалалық мәслихаттың келесі кезектен тыс сессиясы 12 шілдеге жоспарланып отыр. Ал 5 шілде күні ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Шымкент қаласына іссапары барысында арнайы жиын өтеді.