Úı ANONS Электр қуатының құны кәсіпкерлер үшін 25 теңгеге төмендеді

Электр қуатының құны кәсіпкерлер үшін 25 теңгеге төмендеді

Кәсіпкерлер үшін электр тарифінің бағасы төмендеді. Бұл туралы энергетика басқармасының басшысы мәлімдеді. Осы жылдың сәуір айынан бастап кәсіпкерлер электр энергиясы үшін 47 теңге төлейтін еді. Шығынға батқан бизнес иелері мәселені көтеріп, бірнеше рет шағымданған. Енді жағдай оңынан шешілген көрінеді.

Үшінші мегаполис кәсіпкерлері электр энергиясы үшін сәуір айынан бастап 47 теңге төлеп келді. Шығынға батқан бизнес иелері бірнеше рет наразылық білдіріп жиналды. Ал қоғамдық кеңес отырысында жиын қатысушылары энергетика басқармасы басшысына осы мәселе бойынша жазылған хатқа әлі күнге дейін жауап ала алмағанын айтты.

Нұргүл Қобланова, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Кәсіпкерлердің электр энергиясын не үшін қымбаттағаны туралы. 28 теңгеден 47 теңгеге қымбаттаған. Кейін сіздердің жауаптарыңыз бойынша 42 теңгеге арзандады дедіңіздер. Бірақ ол кәсіпкерлер үшін өте ауыр ғой бұл. Біз сіздерге хат жазғанбыз. Осы уақытқа дейін жауабын алмадық. Қазіргі таңда қандай жағдайда тұр кәсіпкерлердің электр энергия бағасы».

Тиісті басқарма басшысы бұған дейінгі жағдайды түсіндіріп, тарифтің не себепті қымбаттағанын айтты. Сөзінше, қазір кәсіпкерлер үшін тариф бағасы қайта 25 теңгеге төмендепті.

Рзабек Меңдіқұлов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Үкімет тарапынан ортадағы мекемелерді алып тастаңыз, тікелей келісімшартқа отырыңыз деген тапсырма түсті. Бірақ оған қарамастан, егер сіз білсеңіз, бүкіл индустриалды аймақтарда бағаны «Энергопоток» түсірді, 25 теңгеге».

Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері «Жұлдыз» индустриалды аймағында бірнеше жылдан бері инфрақұрылым жүйесінің жүргізілмей тұрғанын жеткізді. Бизнес иелері үшін арнайы аймақта не газ жоқ, не кәріз, су жүйелері тартылмаған. Басқарма басшысы қазір бұл аумақ бойынша мердігердің ауысқанын айтады.

Рзабек Меңдіқұлов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Ол сотталған, сақалды құрылыс болған. Қазіргі таңда екі мекемені газға қосты, жайлап қосып жатыр. Су, жол, кәріз, газ. -Қашан болады соның бәрі? -Біздің мердігер қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отыр».

Айта кетейік, Шымкентте 81 елдімекеннің 80-і сапалы ауызсумен қамтылған. Ал қаланы кәріз жүйесімен қамту 60 пайызды құрайды. Биыл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Exit mobile version