Úı ANONS 22 жастағы қызды ұрды деген күдіктіден тергеуші куәгер ретінде жауап алған

22 жастағы қызды ұрды деген күдіктіден тергеуші куәгер ретінде жауап алған

Фото: Отырар.кз

Келестік 22 жастағы қыз тойға барамын деп, таяққа жығылған. Оқиға жаздың басында орын алған. Редакциямызға шағымданған ару, сол кезден бері әділдікке қол жеткізе алмай келе жатырмын дейді. Сөзінше өзін ұрып, балағаттағандар жазасыз қалып, жауапкершіліктен жалтарып отыр.

Келестік 22 жастағы қыз тойға барам деп қаяқтың астында қалыпты. Бұл жайт маусымның 3-інде орын алған. Жәбірленушінің сөзінше сыныптасы тойына шақырған. Алайда салтанатты кешке қонақ болып барған Адель Тұрсымановаға келіншектің әпкелері қол көтерген көрінеді.

«1 тілек айтылғаннан кейін 3 құрбы болып, әжетханаға шыққанбыз. Дәретханадан шығып, қайтып келе жатқанда, жанымнан ұрып құлатты. Мен есімді жоғалтып алдым. Екінші қыз келіп, бірден шашымды жұлып, боқтап, балағаттап, басымнан ұрып бастады. Сол кезде бір бала келіп, мені құтқарып алды. Құтқарып, алып кетіп бара жатқанда артымнан балағаттап, «енді тойға келсең аямаймыз сені» деп айтты», — дейді жәбірленуші Адель Тұрсыманова.

Күш көрсеткен тарап, кешірім сұрауға келіп, қоқанлоқы көрсетіп кетті дейді Адель.

«Ауруханаға ауа жетпей бардым. Анам бірден келді. Сосын мамандар тексеріп, сараптама жасады. Оң жағым сырылған, басым қатты ауырып тұрды. Басымда ісіктер пайда болды. Бәрін тексерттік. Сосын кейін 4-терде ағайындарын алып келді. Кешірсең кешір, кешірмесең 150 мың теңгемен шешілетін іс деп кетіп қалды», — дейді жәбірленуші Адель Тұрсыманова.

Жәбірленуші бұл жайттан кейін полицияға арыз қалдырып, алған жарақатына сараптама да жасатқан. Дегенмен Аделя Тұрсыманованың заңгері істі құзырлы орган өкілдері тиісті деңгейде жүргізбей отыр дейді.

«Бұлар қылмыстық істі қозғамай жатып, қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын бұзады. Сосын Бас Прокурордың №89 бұйрығын бұза отырып, күдіктіден қорғалуға құқығы бар куә ретінде жауап алады. Түсініктеме алмайды. Мен сонсоң Келес аудандық прокуратураға бұл жайында жазамын. Ал облыстық полиция департаменті бастығының №434 бұйрығымен тергеушіні тәртіптік жауапкершілікке тартады. Ал Келес аудандық прокуратура мұндай процестік бұзушылық болмады деп жауап береді. Әкімшілік хаттама толтырылады. Сотқа өткеннен кейін ӘҚБтК 73-1 бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық дәлелденбеді дейді. Сот сараптамасы бар. Бірақ дәлелденбеді деп отыр», — дейді заңгер Бексұлтан Байдулла.

Ал процес дәлелдің болмауына байланысты тоқтатылған. Алайда сотқа күдікті қыз мүлдем қатыспапты.

«2024 жылдың 10 шілдесінде күдіктіні сот отырысына күштеп әкелуге ұйғарым шығарады. Оны жүзеге асыруға Келес аудандық полиция бөліміне жүктелсін дейді. 21 күн өтті, ешқандай қимыл жоқ. Бірақ жауапты адамдарға хабарлассам «ол Алматыда, біз ештеңе істей алмаймыз» дейді. Осылайша арызымызды қараусыз қалдырып отыр. Сұрап отырғанымыз ҚР ҚК-тің 293 бабы, яғни бұзақылықпен қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отырмыз», — дейді заңгер Бексұлтан Байдулла.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша іс бұзақылық бабымен тіркелгенін жеткізді.

«Жәбірленушінің арызы мен Келес аудандық сотының қаулысы негізінде бұл дерек «Бұзақылық» бабымен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта полиция барлық мән-жайды анықтау бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Нәтижесімен заңды шешім қабылданатын болады», — дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Келес аудандық соты бұл жайтты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 2 бабы бойынша қараған. Дегенмен тыңдалым барысында дәлелдің болмауына байланысты істің тоқтатылғанын айтады.

«17.07.2024жылғы соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 434-бабымен құқық бұзушының Келес ауданы, Абай ауылы, М.Артыков көшесі бойында орналасқан «Атамекен» тойханасында жәбірленушіге былапыт сөйлегені сотта өз дәлелін таппағандықтан, құқық бұзушыны ӘҚБтК-нің 434 және 73-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылықтан бостылып, ол бойынша іс жүргізу тоқтатылған», — дейді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.

Жәбірленуші қыз өзін ұрған 2 қыздың біреуіне ғана іс ашылғанын айтады. Оның өзінде әділдікке жете алмай жүрген көрінеді. Сондықтан ол өзін жәбірлеген жандардың заңсыз әрекетін дәлелдеу үшін қажет жердің бәріне шағымданамын деп отыр.

Exit mobile version